Туризм және спорт министрлігі олимпиадалық резервті даярлауға қойылатын талаптарды күшейтеді

Туризм және спорт министрлігі олимпиадалық резервті даярлауға қойылатын талаптарды күшейтеді

Елордада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледждерінің жұмысын талдау және жетілдіруге арналған кеңес өтті.
Іс-шараға өңірлік спорт басқармаларының басшылары, олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледждерінің директорлары, спорт федерацияларының өкілдері және салалық ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Кеңес барысында ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов баяндама жасап, аталған мекемелердің қызметіне жүргізілген талдаудың нәтижесін ұсынды. Ол сапалы спорт резервін қалыптастыру үшін мамандандырылған мектеп-интернат-колледждерінің жұмысын кешенді түрде қайта қарау қажеттігін атап өтті.

Қазіргі уақытта елімізде 16 облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжі, 1 республикалық спорт колледжі және 3 республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжі жұмыс істейді. Аталған ұйымдарда спорттың 41 түрі дамытылып, 6 381 тәрбиеленуші білім алуда.

Осыған байланысты аталған ұйым басшылары үшін негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI) жүйесін енгізу ұсынылды. Негізгі өлшемдердің бірі ретінде облыстық интернаттарда өңірлік құрамаға, ал республикалық интернаттарда ұлттық құрамаға енген спортшылардың үлесін арттыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар жаттықтырушы-педагогикалық құрамның қызметін жан-жақты бағалау қажеттігі айтылды.

Жиын қорытындысы бойынша спорт түрлері бойынша нақты мамандандыруды күшейту, материалдық-техникалық база мен кадрлық әлеуетке сәйкес қайта бөлу, сондай-ақ колледждердегі оқу мерзімін 2 жыл 10 айдан 2 жылға дейін қысқарту ұсынылды. Үнемделген қаражатты бакалавриат деңгейіндегі мемлекеттік гранттарды қаржыландыруға бағыттау жоспарланып отыр.

Ұсынылған реформалар спорт резервін жүйелі түрде нығайтуға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті спортшыларды даярлауға бағытталған.