
Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев өңір тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиын барысында министрліктің спорт, туризм және ойын бизнесін және лотереяны реттеу салаларында атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы басым бағыттары баяндалды.
Серік Жарасбаев елімізде спорт және дене шынықтырумен тұрақты айналысатындардың саны 8,4 млн адамға жеткенін (ел халқының 41,4%-ы) атап өтті. Бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Солтүстік Қазақстан облысында 225 мың адам (43%) спортпен тұрақты шұғылданады. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында өңірде 15 спорт түрі бойынша 2 мыңға жуық бала мен жасөспірім қамтылған. Сонымен қатар 2025 жылғы 1 маусымнан бастап бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда облыста 2 мыңнан астам спорт нысаны жұмыс істейді, оның 1 667-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Биыл және алдағы кезеңде СҚО-да жаңа шайбалы хоккей мұз айдыны, бассейн мен стадион салу және спорт нысандарын қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланған.
Кездесу барысында ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Биыл маусым айында күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясында ұлттық спорт түрлері олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлерімен бір деңгейде басым бағыттар қатарына енгізілді. Бүгінде ел бойынша ұлттық спортпен айналысатындар саны 660 мыңнан асып отыр.
Министрдің орынбасары спорт саласындағы заңнамалық өзгерістерге де тоқталды. Онда бюджет есебінен шетелдік легионерлерді қаржыландыруға тыйым салу, басым спорт түрлерін айқындау және спорт федерацияларының жауапкершілігін арттыру бағытындағы жаңа нормалар қамтылған.
Туризм саласында өңірде оң өсім байқалады. 2025 жылдың 9 айында орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 2,4 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 26%-ға артты. Ішкі және шетелдік туристер саны Имантау-Шалқар курортын дамыту, жаңа демалыс базалары мен қонақ үйлер салу жобаларының нәтижесінде артып отыр.
Сондай-ақ өңір тұрғындарымен кездесуде заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы күрес шаралары да айтылды. Серік Жарасбаев министрлік бұл бағытта заңнамалық және цифрлық тетіктерді күшейтіп, азаматтардың өзін-өзі шектеу мүмкіндігін кеңейткенін жеткізді.