Қазақстан құрамасының қысқы Олимпия ойындарындағы тарихы

Қазақстан құрамасының қысқы Олимпия ойындарындағы тарихы

Келесі жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпия ойындары өтеді. Төрт жылдың басты додасы 2026 жылдың 6-22 ақпан күндеріне жоспарланған. Ақ қар, көк мұз үстіндегі байрақты бәсекеге Қазақстан құрамасының спортшылары да қатысады.

Ел құрамасының қысқы Олимпия ойындарындағы тарихына тоқталсақ, Қазақстан спортшылары тәуелсіз мемлекет ретінде қысқы Олимпиадаға 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Келесі жылы отандық спортшылар ел тарихындағы тоғызыншы қысқы Олимпиадада өнер көрсетпек.

Жерлестеріміз 1994 жылы Норвегияның Лиллехамер қаласында өткен қысқы Олимпиадаға тұңғыш рет қатысып, табысты өнер көрсетті. Қазақстан спортшылары бір алтын және екі күміс медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 12-орынға табан тіреді. Үш жүлдені де ел қоржынына шаңғышы Владимир Смирнов салды. Аталған Олимпиадада Қазақстанның 29 спортшысы спорттың сегіз түрінен бақ сынаған еді.

Араға төрт жыл салып спортшыларымыз Жапонияның Нагано қаласында өткен Ақ Олимпиадада бақ сынады. Спорттың сегіз түрінен 60 спортшы қатысқан байрақты бәсекеде отандастарымыз екі қола жүлдені қанағат тұтты. Бұл жолы да шаңғышы Владимир Смирнов үздіктер қатарынан көрініп, қола жүлдегер атанды. Ал екінші қоланы конькимен жүгіру спортының өкілі Людмила Прокашева иеленді. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 20-орыннан көрінді.

2002 және 2006 жылғы қысқы Олимпиада АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити және Италияның Турин қаласында өтті. Мұхиттың арғы бетіндегі ойындарға Қазақстан құрамасынан 52 спортшы, Туриндегі бәсекеге 43 спортшы қатысты. Өкінішке қарай, екі Олимпиадада да жүлде бұйырмады.

2010 жылы Ванкуверде (Канада) өткен Олимпиадада 37 спортшымыз бақ сынап, бір күміс жүлде иеленді. Биатлон бәсекесінде өнер көрсеткен Елена Хрусталева жекелей сайыста мәре сызығын екінші болып кесіп, күміс медаль еншіледі. Бас жүлдені норвегиялық Тура Бергер жеңіп алған болса, қола жүлде әйгілі биатлон шебері Дарья Домрачеваға (Беларусь) бұйырған еді.

2014 жылғы Ресейдің Сочи қаласында жалауы желбіреген Олимпиадада Қазақстан құрамасынан 51 спортшы бақ сынап, соның біреуі жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, Олимпиаданың соңғы күндерінде мұз айдынға шыққан мәнерлеп сырғанау өкілі Денис Тен қола жүлдеге қол жеткізіп, отандық жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлады.

2018 жылғы Олимпиада Корея Республикасының Пхёнчхан қаласында ұйымдастырылып, жарысқа Қазақстан құрамасы сапынан 44 спортшы қатысты. Бұл Олимпиадада Қазақстан құрамасының қоржыны бос қайтқан жоқ. Фристайл-могул өкілі Юлия Галышева 77,40 ұпай жинап, Пхёнчхан Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

Әзірге ең кейінгі Олимпиада 2022 жылы Қытайдың Бейжің қаласында өтті. Бұл додаға Қазақстан құрамасынан 34 спортшы (17 ер, 17 әйел) қатысты. Бұған дейінгі Солт-Лейк-Сити (АҚШ) және Турин (Италия) Олимпиадалары секілді, бұл бәсекеде де отандастарымыз жүлдесіз қалды. Дегенмен, Олимпиада жүлдесіне ең жақын болған шорт-трекші Абзал Әжғалиев еді. Ол 500 метр қашықтықта төртінші орын алып, жүлдеге сынық сүйем жетпей қалды. Сондай-ақ аралас эстафетадағы отандық шорт-трек командасы (Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова, Яна Хан) бесінші орын алды.

Бүгінде Қазақстанда қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамып келеді. Елде қысқы спортпен 139 мыңға жуық адам шұғылданады. 1 838 жаттықтырушы жұмыс істейді. Қысқы спорт инфрақұрылымын дамыту және кадр даярлау жұмыстары Жамбыл облысынан басқа барлық өңірде жүргізілуде.