
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богдановпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму бағыттарын талқылады. Министр Қазақстан мен Беларусь арасындағы әріптестіктің тарихына тоқталып, екі ел спортшыларының халықаралық жарыстарға бірлесіп қатысу тәжірибесін атап өтті.
Мәселен, 2024-2025 жылдары екі ел арасында бірқатар халықаралық спорт жарыстары ұйымдастырылып, Қазақстан спортшылары Беларусьтегі оқу-жаттығу жиындарына, сондай-ақ дзюдо, грек-рим күресі, фристайл акробатика, академиялық есу және басқа да халықаралық турнирлерге қатысты.
Жиында туризм саласындағы ынтымақтастық мәселесі де сөз болды. Қазіргі таңда екі ел арасындағы туризм саласы айтарлықтай дамып келеді. 2023-2025 жылдардағы деректерге көз жүгіртер болсақ, Беларусь азаматтары Қазақстанға көптеп келіп жатқанын байқауға болады. Өз кезегінде Қазақстан азаматтары да Беларусьтегі халықаралық конгрестер мен туристік форумдарға қатысып, еліміздің туристік бағыттарын насихаттауға үлес қосуда. Министр екі ел туристерін мәдени және тарихи мұралармен танысуға, сондай-ақ елімізде өтетін халықаралық туристік көрмелер мен форумдарға қатысуға шақырды.
Алексей Богданов Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынастың зор әлеуетін атап өтіп, екі елдің туризм және спорт саласында бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар жаңа туристік бағыттарды дамытуға қызығушылық танытты.
Кездесу қорытындысында тараптар туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, халықаралық жарыстар мен бірлескен бағдарламаларды ұйымдастыруға дайын екендіктерін айтты.