Қазақстан құрамасы XXV жазғы Сурдлимпиадада 25 медаль олжалады

Қазақстан құрамасы XXV жазғы Сурдлимпиадада 25 медаль олжалады

Бүгін Жапония астанасы Токиода XXV жазғы Сурдлимпия ойындары мәресіне жетті. Қазақстан ұлттық құрамасы 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медаль жеңіп алды.

Медаль саны бойынша ең үздік көрсеткішті сурдо дзюдо спортшылары тіркеді. Аталған спорт түрінен отандық спортшылар 5 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль олжалап, барлығы 11 жүлдеге қол жеткізді. Осы нәтижемен Қазақстан дзюдошылары жалпыкомандалық есепте бірінші орын алып, тарихи әрі рекордтық жетістікке қол жеткізді. Бұл – еліміздің сурдо дзюдо тарихындағы ең жоғары нәтиже.

Балуандар да ел қоржынына бірнеше жүлде салды. Атап айтқанда, еркін күрес шеберлері 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медальға қол жеткізсе, грек-рим күресінің өкілдері толық медаль жиынтығын (алтын, күміс және қола) еншіледі.

Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасы 1 алтын және 1 қола медаль иеленді. Фаина Мейірманова биіктікке секіру сайысында 1,79 метр нәтижемен Сурдлимпиада чемпионы атанып, жарыстың рекордын жаңартты. Бұған дейінгі рекорд – 1,75 метр болатын. Оны 2013 жылы Болгарияда өткен Сурдлимпиадада Беларусь спортшысы Маргарита Хралко тіркеген еді.

Ұлттық құраманың қоржынына таеквондо шеберлері 3 қола медаль салса, үстел теннисінен ерлер командасы командалық есепте қола жүлдегер атанды.

«Еліміздің сурдо спортшылары халықаралық жарыстарда бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Жарыстың алғашқы күнінен бастап Қазақстан құрамасы 81 елдің ішінде үздік бестіктің қатарынан көрінді. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандар спортының жүйелі дамуы мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Алдағы уақытта спортшыларымыздың әлеуетін арттыруға және жоғары нәтижелерге жетуіне жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырамыз», – деді ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев.

Айта кетейік, XXV жазғы Сурдлимпия ойындары Жапония астанасы – Токиода өтті. Есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында ұйымдастырылатын бұл беделді халықаралық дода төрт жылда бір рет өткізіледі. Байрақты бәсекеде 81 елден келген 3 000-ға жуық спортшы 21 спорт түрі бойынша 209 дисциплинада өзара мықтыны анықтады. Қазақстан құрамасынан 78 спортшы 8 спорт түрінен сынға түсті.