Тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 30 медаль жеңіп алды

Тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 30 медаль жеңіп алды

Алматыдағы «Зенит» спорт орталығында биыл екінші рет ұйымдастырылған тоғызқұмалақтан мектеп оқушылары (U-15, U-17 – классика онлайн/офлайн, рапид, блиц) арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Байрақты бәсекеде отандастарымыз 30 медаль (12 алтын, 11 күміс, 7 қола) жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте топ жарды.

Әлем чемпионатының жабылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов, Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әкім Тұрсын, Алматы қаласы спорт басқармасы, ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясы мен шетелдік делегация өкілдері қатысты.

Биылғы әлем біріншілігіне 21 мемлекеттен келген 180-ге жуық спортшы бақ сынады. Атап айтқанда, Румыния, Чехия, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан және басқа елдердің тоғызқұмалақ шеберлері қатысты.

Тоғызқұмалақ – тек ұлттық ойын емес, ол ұлттың ойлау мәдениетін, даналық дәстүрін әлемге паш ететін рухани мұра. Бұл чемпионат жас буынның интеллектуалдық әлеуетін арттырып, отандық спорттың абыройын биіктетуге зор үлес қосты.

Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Чемпионатты ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясы бірлесе ұйымдастырды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.