
Сауд Арабиясының Ар-Рияд қаласында VI Ислам Ынтымақтастығы ойындарының бесінші жарыс күні өз мәресіне жетті.
Қазақстан спортшылары Ұлттық құраманың қоржынын 8 медальмен (1 алтын, 5 күміс және 2 қола) толықтырды. Қазіргі уақытта Қазақстан жалпыкомандалық есепте 4-сатыда тұр.
Алтын медальді отандасымыз Софья Сподаренко 100 метр қашықтыққа баттерфляй әдісімен жүзуден финалдық сайыста жеңіп алды.
Ауыр атлетикадан өнер көрсеткен екі спортшымыз 4 медаль иеленді. Любовь Ковальчук жұлқа көтеру, серпе көтеру және қоссайыс қорытындысында үш күміс медальға, ал Артем Антропов серпе көтеруде қола медальға қол жеткізді.
6–10 қараша күндері Қырғызстанның Бішкек қаласында самбодан әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға 70 елден 466 спортшы қатысты. Жарыс Халықаралық самбо федерациясының (FIAS) қолдауымен «Газпром – балаларға» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтіп, халықаралық спорт күнтізбесіндегі ең ірі оқиғалардың бірі болды.
Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Отандастарымыз 2 алтын, 2 күміс және 8 қола медаль жеңіп алды.
Қазақстан құрамасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері:
Спорттық самбо:
79 кг – Еркебұлан Негметов – күміс
71 кг – Арнұр Қуатай – қола
64 кг – Жандос Бейсенбаев – қола
50 кг – Маргарита Бажаева – қола
80 кг – Мәдина Ержан – қола
Жауынгерлік самбо:
59 кг – Маржан Бизақ – алтын
71 кг – Ниетхан Төлеухан – алтын
80 кг – Ұлболсын Әділова – күміс
58 кг – Арман Тұрымбетов – қола
+98 кг – Талғат Жиентаев – қола
50 кг – Жадыра Пайыз – қола
+80 кг – Нұрилә Асанқызы – қола
Әрбір медаль – спортшылардың табандылығы, кәсіби шеберлігі және өз ісіне деген адалдығының нәтижесі. Сонымен қатар жаттықтырушылар құрамының жүйелі еңбегінің жемісі.
Министрлік самбоны одан әрі дамытуға, спорт инфрақұрылымын жетілдіруге, жас таланттарды қолдауға және Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.