
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ресей Федерациясының Самара қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл жөніндегі диалогқа мүше мемлекеттердің спорт министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының алғашқы отырысына қатысты.
«Бүгінде спорт – ұлт мәдениеті мен денсаулығының бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар дипломатияның, бірліктің және технологиялық прогрестің қуатты құралы. Қазақстан спорт инфрақұрылымын дамыту, заманауи нысандар салу және халықтың спортқа қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі саясат жүргізіп келеді. 2026 жылы елімізде фристайл, жүзу, стенд ату, жеңіл атлетика, мәнерлеп сырғанау және таеквондодан Әлем кубогі кезеңдері мен Гран-при сынды бірқатар ірі халықаралық жарыс өтеді. Бұл турнирлер Олимпиада маусымымен тұспа-тұс келіп, әлемнің үздік спортшылары Қазақстанда бас қосатын маңызды спорттық оқиға болмақ», – деді Ербол Мырзабосынов.
Іс-шараға Азия мен Таяу Шығыс елдерінің спорт саласына жауапты ведомство басшылары, халықаралық ұйымдар мен спорт федерацияларының өкілдері қатысты. Жиын «Дәстүрден жаңашылдыққа: Азия ынтымақтастық жөніндегі диалог елдеріндегі спорттың болашағы» тақырыбы аясында өтті.
Азиядағы өзара іс-қимыл жөніндегі диалог – Азия мен Таяу Шығыстың 35 мемлекетінің өкілдері қатысатын мемлекетаралық форум. Форум 2002 жылы саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылған.