
Астанада үстел теннисінен Қазақстан Республикасы Президенті кубогінің ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) бас хатшысы Рауль Калин, сондай-ақ Nomad үстел теннисі академиясының негізін қалаушы Медеу Нұрасыл қатысты.
Үстел теннисінен ҚР Президенті кубогі 25-29 қазан күндері өтеді. Жарысқа Қазақстанды қоса алғанда, 14 елден 300-ден астам спортшы қатысып жатыр. Олардың қатарында Оңтүстік Корея, Қытай, Мажарстан, Мысыр, Малайзия, Иран және Сауд Арабиясы бар. Турнир төрт жас санатында, жеке және командалық есепте өтіп жатыр: U-11 – 2014 жылы туғандар және одан кіші, U-16 – 2009 жылы туғандар және одан кіші, Open 17+ – 2008 жылы туғандар және одан жоғары, Team Event – командалық сайыс.
Байрақты бәсекені ҚР Туризм және спорт министрлігі мен ҚР Үстел теннисі федерациясының қолдауымен Nomad Table Tennis Academy ұйымдастырып отыр.
Турнирдің басты мақсаты – елімізде үстел теннисін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін арттыру. Жарысқа түрлі елдердің үздік спортшылары қатысып жатыр. Сондай-ақ бұл турнир тәжірибе алмасуға, шеберлікті шыңдауға және жастар мен ел арасында үстел теннисін насихаттауға мүмкіндік береді. ITTF рейтингіндегі жоғары дәрежелі спортшылардың қатысуы турнирдің деңгейі мен мәртебесін айқындай түседі.
Қазақстанда бүгінде 260 мыңнан астам адам үстел теннисімен жүйелі түрде айналысады. Ел бойынша 20 өңірлік федерация, 12 заманауи үстел теннисі орталығы, 30 жаңа бөлімше және 35 мамандандырылған зал жұмыс істейді. Кейінгі екі жылда отандық теннисшілер халықаралық жарыстарда 85 медаль жеңіп алды, оның 31-і алтын.
Айта кетсек, 2023 жылы Астанада алғаш рет үстел теннисінен Азия чемпионаты өткен болатын. Ал 2027 жылы Қазақстанда әлем чемпионатын өткізу жоспарланған.