Алматыда туризм саласындағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған UN Tourism-нің алғашқы өңірлік конференциясы өтті. Іс-шараға халықаралық ұйымдар, бизнес өкілдері, сарапшылық қауымдастық мүшелері және шетелден келген 400-ге жуық қатысушы қатысты.
Конференция туризм саласындағы гендерлік теңсіздікті жою және әйелдердің көшбасшылығын дамытуға қолдау көрсету мақсатындағы Centre Stage бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Жиында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев пен UN Tourism ұйымының атқарушы директоры Зорица Урошевич құттықтау сөз сөйледі.
«Туризм – экономиканың қозғаушы күші, сонымен қатар қоғам дамуының көрсеткіші, мәдени мұраны сақтау мен шығармашылықты қолдаудың құралы. Қазақстан тұрақтылық пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын ұстана отырып, туризмді экономиканы әртараптандырудың басым бағыты ретінде қарастырады», – деді Нұртас Кәріпбаев.
Туризм индустриясы комитеті төрағасының айтуынша, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында елімізге 12 миллионнан астам шетелдік қонақ келген. Сондай-ақ Алматы қаласына шетелдік және отандық туристер тарапынан да сұраныс тұрақты түрде артып келеді.
Конференция қорытындысы бойынша туризм саласында әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған Алматы үндеуі қабылданды. Құжатта әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, білім беру бастамаларын қолдау және тұрақты туризм қағидаттарын ілгерілету шаралары көзделген.