Бүгін Әзірбайжандағы Гянджа қаласында III ТМД елдері ойындарының ресми ашылу салтанаты өтті

Бүгін Әзірбайжандағы Гянджа қаласында III ТМД елдері ойындарының ресми ашылу салтанаты өтті

Алғаш болып өткен Ұлттық құрамалар шеруінде еліміздің Мемлекеттік туын Әлихан Құттымұрат пен Малика Мақұлжанова (жүзу) ұстап шықты. Осыдан кейін спортшылар, бапкерлер мен төрешілер атынан арнайы өкілдер ант беріп, Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев III ТМД елдері ойындарын ресми түрде ашық деп жариялады. Ары қарай кеш жарыс өтетін қалалардың тарихынан сыр шертетін қойылымдарға ұласты.
Жалпы Қазақстаннан Әзірбайжанға 18 бағдарламада сынға түсу үшін 130-дан астам спортшы аттанды. Делегация басшысы - ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов.

Кешенді жарыс Әзірбайжанның Гянджа, Евлах, Мингячевир, Габала, Шеки, Гейгёль мен Ханкенді сынды 7 қаласында қатар өтеді. Биыл додаға 13 елден барлығы 1624 спортшы жиналды. Олар 23 дисциплинада өзара жүлдеге таласады.