Елімізде спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда

Елімізде спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынған. Кейінгі 5 жылда елімізде 371 спорт нысаны салынып, пайдалануға берілді. Тек биылдың өзінде 14 өңірде 32 нысан іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 70 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев мәлімдеді.

Биыл пайдалануға берілген ірі нысандардың бірі – Ақмола облысында салынған спорт кешені. Бұл – мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен толықтай қаржыландырылған еліміздегі алғашқы спорт нысаны. Сондай-ақ биыл бірқатар маңызды нысандарды пайдалануға беру жоспарланған. Солардың ішінде ерекше атап өтерлігі елордада бой көтеріп жатқан Ұлттық спорт университеті. Білім ордасы колледжден бастап докторантураға дейінгі үздіксіз білім беруді қамтамасыз етпек.

Сонымен қатар Қызылордада халықаралық стандарттарға сай келетін 11 мың орындық стадион, Түркістанда есу арнасы салынып жатыр. Ал елордада Қ. Мұңайтпасов атындағы жаңа стадионның құрылысы басталды. Аталған стадионды 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған.