Олар Қазақстанда паралимпиада қозғалысы баршаға бірдей мүмкіндік қағидаты аясында жоспарлы әрі дәйекті түрде дамып келе жатқанына назар аударды.
– Соңғы жылдары біз елеулі прогресс пен ерен табыстарға куә болдық. Парижде өткен Паралимпиадада Қазақстан керемет нәтиже көрсетті. Спортшыларыңыз тоғыз медаль жеңіп алды. Соның ішінде алғаш рет екі атлет алтын медальға ие болды. Қазақстан спортшылары өздеріне дейінгі атлеттердің ізін жалғап, өскелең ұрпақты жігерлендіріп келеді. Бұл кездейсоқтық емес, жүйелі жұмыс пен дұрыс таңдалған бағдардың нәтижесі. Біз Қазақстанның паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту ниетін жоғары бағалаймыз, – деді Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс.
Маджид Рашед 2018 жылы Астанаға келгенін, Қазақстандағы параспортшылардың жаттығуына жасалған қолайлы жағдаймен таныс екенін айтты.
– Делегациямызға Астана ұнап жатыр. Бізді жылы шыраймен қарсы алды. Жергілікті халықтың кең пейілінің арқасында Қазақстанда өз үйімізде жүргендей сезінеміз, – деді Азия паралимпиада комитетінің президенті.
Кездесуде елімізде APC және IPC жарыстарын өткізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ отандық паралимпиадашылардың білім беру бастамалары мен халықаралық бағдарламаларға қатысуы пысықталды.
Бүгінде елімізде 19 паралимпиадалық спорт түрі қарқынды дамып келеді. Жыл сайын түрлі деңгейдегі 800-ден аса жарыс өткізіледі. Оған 10 мыңнан артық адам қатысады. Ұлттық құрама сапында 1 мыңнан астам спортшы бар.
t.me/aqorda_resmi