«Дене шынықтыру және спорт туралы» Заң қабылданғаннан кейін, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы ұлттық командаларының құрамына кіретін спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына ай сайынғы ақша қаражаты төлемдерінің мөлшерін бекіту туралы бұйрық күшіне енді.
Ай сайынғы төлем мөлшері 5-тен 250 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі аралықта белгіленген. Жаңа жүйе инфляцияны ескере отырып, төлем сомасын жыл сайын қайта қарауды қажет етпей, қаржыландыру көлемін автоматты түрде түзетуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұған дейін бұл төлемдер әр өңірде әртүрлі болған.
Жаңа жүйе бойынша төлемдер халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына, спорттық мансабын жалғастыру шартымен, келесі жарысқа дейін жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады.
Аталған бұйрық облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдіктерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен келісілген.
Жаңа тәсіл жоғары деңгейдегі спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын қолдауда ашықтықты, тұрақтылықты және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.