Ербол Мырзабосынов Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) басшысы мен Азия нысана көздеу конфедерациясының (ASC) президенттерімен кездесті

Ербол Мырзабосынов Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) басшысы мен Азия нысана көздеу конфедерациясының (ASC) президенттерімен кездесті

Кездесуге ISSF президенті Лучано Росси, ASC президенті шейх Салман Сабах әл-Салем әл-Хомуд ас-Сабах, Кувейт нысана көздеу федерациясының басқарма мүшесі д-р Недхал АльАсем және Қазақстан спорттық ату федерациясының бас хатшысы Олег Почивалов қатысты.

Бұған дейін ISSF президенті Лучано Росси Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде еліміздің нысана көздеу спортын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Ол алдағы уақытта да нысана көздеу мен стенд атуды қолдап, шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты тереңдетуге белсенді атсалысуға дайын екенін білдірді.

Өз кезегінде Халықаралық нысана көздеу федерациясы мен Азия конфедерациясының басшылары Қазақстан Президентіне аталған спорт түрін дамытуға көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс айтты. Мемлекет басшысы Лучано Росси мен шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабахты II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Ербол Мырзабосынов Қазақстанда нысана көздеу спорты басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Бүгінде елімізде нысана көздеумен 18 мыңнан астам адам айналысады.

Аталған кездесу 16–30 тамыз күндері Шымкент қаласында өтетін Азия чемпионатының қарсаңында өткенін атап өткен жөн. Сары құрлық додасына 26 елден 800-ге жуық спортшы қатысады. Іс-шараны Қазақстанның спорттық ату федерациясы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастыруда.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының халықаралық спорт ұйымдарымен ынтымақтастықты арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында биыл жыл басынан бері елімізге 19 халықаралық спорт федерациясы мен ұйымының басшысы келді.