Ербол Мырзабосынов таеквондодан жазғы Универсиада мен Азия чемпионатының жеңімпаздарын марапаттады

Ербол Мырзабосынов таеквондодан жазғы Универсиада мен Азия чемпионатының жеңімпаздарын марапаттады

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов таеквондодан XXXII жазғы Универсиада мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесті. Іс-шараға Халықаралық таеквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоу, Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Құдірет Шамиев, жаттықтырушылар және жас спортшылар қатысты.

Жиын барысында министр доктор Чоуға таеквондоны жаһандық деңгейде дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

Ербол Мырзабосынов халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, олардың жетістіктері бүкіл ел үшін мақтаныш екенін атап өтті. Германияда өткен XXXII жазғы Универсиадада Самирхон Абабакиров алтын медаль жеңіп алса, Малайзияда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Айым Серікбаева, Бунед Бахрамқұлов және Аружан Найманбаева топ жарды. Сары құрлық додасында ерекше көзге түскен Айым Серікбаева турнирдің үздік спортшысы атанса, жеке бапкері Еркебұлан Ермекәлиев спортшыны дайындағаны үшін алғыс хатпен марапатталды.

Сондай-ақ министр ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтановқа отандық таеквондоны дамытуға қосқан елеулі үлесі және командамен табысты жұмысы үшін алғыс айтты.

«Бүгінде мемлекет сіздердің жоғары жетістікке жетіп, шеберліктеріңізді шыңдауға барлық жағдай жасап отыр, әрқайсыңызбен жеке жұмыс істейтін жаттықтырушыңыз бар. Бүгінгі жетістіктер – көп жылдық еңбектің, жүйелі дайындықтың және өз ісіне адалдықтың нәтижесі. Сіздер әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап, елімізді бүкіл әлемге танытып жүрсіздер», – деді министр.

Спортшыларға Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар және федерация атынан сертификаттар табысталды.

Айта кетейік, 14-16 тамыз күндері елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында таеквондодан Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингтік турнирі өтеді. Додаға әлемнің 22 елінен 750-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері және әлемдік рейтингтің көшбасшылары бар. Жарыс кадеттер, жасөспірімдер және ересектер арасында өтеді.