Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев бастаған Үкіметтік делегация құрамында еліміздің өңірлеріне жұмыс сапарымен барды. Сапардың мақсаты – курортты өңірлердің қазіргі жай-күйін бағалау, проблемалық орындарды анықтау және туристік жобалардың іске асырылуын бақылау.
Сапардың алғашқы күнінде делегация Қонаев қаласындағы курортты өңірді аралады. Өңірде бірқатар өзекті мәселелер әлі де шешімін таппаған. Қоғамдық және жекеменшік жағажайлардың кейбірінде туристерге қажетті ең негізгі жағдайлар жасалмаған. Атап айтқанда, санитарлық-гигиеналық тораптар, душ кабиналары, қоқыс жәшіктері, арнайы белгілер, қоршаулар, құтқару мұнаралары жоқ. Кейбір аумақтарда су көліктерінің қозғалысы реттелмеген, ақпараттық тақтайшалар орнатылмаған, судағы қауіпсіздік талаптары бұзылған.
Мұндай жағдайлардың себептерінің бірі – сапа стандарттарын енгізуге деген ынталандыру тетіктерінің әлсіздігі. Бүгінде еліміздегі қонақүйлердің тек 5,7 пайызы ғана ресми түрде жұлдызды санатқа ие. Салада қолданылып жүрген қызмет көрсету стандарттары қазіргі заманғы туристердің сұранысына көбіне сәйкес келмейді. Бұл мәселе қазіргі уақытта Мәжілісте қаралып жатқан «Туристік қызмет туралы» Заңға енгізілетін өзгерістер аясында пысықталуда. Түзетулерде туристік қызмет сапасын арттыру және инфрақұрылымды дамыту бойынша Министрліктің өкілеттіктерін кеңейту көзделген.
Сапар барысында экологиялық мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, Балқаш көлінде су деңгейі тұрақты болғанымен, Алакөлде жиі құбылып тұрады. Бұл жағалау сызығының ауытқуына және инфрақұрылымдардың орын алмастыруға мәжбүр етеді. Ермек Көшербаев жаңа нысандарды салу кезінде табиғи факторларды есепке алып, ғылыми және инженерлік сүйемелдеу қажеттігін атап өтті.
«Мемлекет тарапынан тек қазіргі проблемаларды шешіп қана қоймай, жүйелі түрде тәртіп орнатып, азаматтардың күткеніне сай келетін жағдай жасау қажет. Туризм – елдің бет-бейнесі. Алакөл, Қапшағай, Балқаш сияқты табиғи өңірлерде құрылыс жүргізгенде жағалау сызығының ауытқуын ескеріп, қорғалатын аумақтарды белгілеу керек. Сондай-ақ халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл бағытта жауапкершілік жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Қазіргі проблемаларға қарамастан, өңірде бірқатар келешегі зор инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында халықаралық деңгейдегі курорттық-ойын-сауық жағажайы мен ASP Arena туристік-спорттық-ойын-сауық кешені салынады. Жалпы ауданы 7,1 гектарды қамтитын жобада қонақүй, аквапарк, аттракциондар паркі, SPA кешені және өзге де нысандардың құрылысы көзделген. Жоба 2025-2027 жылдары жүзеге асырылады және шамамен 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сонымен қатар салада шешімін күткен мәселелер әлі де бар. Бұл – стандарттарды қатайту, жергілікті деңгейде қызметтердің үйлесімділігін арттыру және бақылауды күшейту қажеттігін көрсетеді. Туристердің экологиялық мәдениеті де өзекті мәселе болып отыр. Бұл бағыт «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының күн тәртібіне енгізілді.
Сапар қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға жағажай аймақтарын белгіленген стандарттарға сәйкестендіру және анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша нақты тапсырмалар берілді. Жұмыстардың орындалуы кейіннен қайта тексеріледі.