Еліміздегі спорт ардагерлерін қолдау шараларын іске асыру аясындағы маңызды қадамдардың бірі – «Қазақстан спорт ардагерлері одағы» республикалық қоғамдық бірлестігімен тығыз ынтымақтастық орнату. Аталған бірлестік дене шынықтыру және спорт ардагерлерін қолдауға, сондай-ақ халық арасында патриоттық тәрбиені дамытуға мүдделі азаматтардың бастамасымен биыл ақпан айында құрылған болатын. Ұйым құрылтайшылары – мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, білім беру мекемелерінің атынан қатысатын жеке және заңды тұлғалар. Олар дене шынықтыру, спорт пен патриоттық тәрбиені дамыту жолында күш біріктіріп отыр.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңіріндегі спорт ардагерлерінің бірыңғай тізімін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл қадам спорт ардагерлері туралы толық әрі өзекті ақпарат алуға, сондай-ақ қандай қолдау шараларын ұсынуға болатынын айқындауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта әкімдіктермен, спорт федерацияларымен және басқа да уәкілетті органдармен бірлесе отырып, спорт ардагерлерін жүйелі қолдау тетігі әзірленеді. Бұл – ардагерлерді жұмыспен қамту, медициналық көмек көрсету, бұқаралық спортты дамыту сияқты бағыттарды қамтиды.
Сонымен қатар Министрлік жанынан өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындау жөніндегі арнайы комиссия құрылған. Комиссия мүшелері үміткердің спорт саласындағы тәжірибесін, басқарушылық қабілетін және өңір спортының дамуына қатысты ұстанымын жан-жақты зерделейді. Осылайша, 2004 жылғы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы Ұлан Рысқұл сынды мамандар облыстық спорт басқармаларының басшылығына ұсынылған кандидаттар ретінде қолдау тапты.
Сондай-ақ танымал спортшыларды федерацияларды басқаруға тарту тәжірибесі де тиімді жүзеге асырылып отыр. Бүгінде Қазақстан Республикасының Жеңіл атлетика федерациясын Ольга Рыпакова, ал Су спорт түрлері федерациясының бас хатшысы міндетін Дмитрий Баландин атқарып жүр.