FlyDubai әуе компаниясының ұшағы қазақстандық туристермен Алматыға қонды. Еске салайық, 13 маусымда Біріккен Араб Әмірліктерінен, атап айтқанда Дубай мен Абу-Дабиден Қазақстанды қоса алғанда, бірнеше өңірге рейстер тоқтатылған болатын. Бұл шешім Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты қабылданды.
Бұған дейін ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан әуе кеңістігіне, сондай-ақ осы мемлекеттермен шектес аумақтар арқылы ұшуға тыйым салған болатын. FlyDubai рейстері бүгін сағат 02:45 пен 06:23 аралығында аталмыш елдердің әуе кеңістігін айналып өтіп, елге 13 маусымда ұша алмаған 332 туристі және жоспарлы жолаушыларды жеткізді.
13 маусымда Дубайдан ұша алмаған барлық туристер туроператорлар арқылы ҚР Туризм және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, ҚР Елшілігі және «Туристік Қамқор» қорының үйлестіруімен қонақүйлерге орналастырылды. Қазіргі уақытта олардың ұшу мәселесі қарастырылуда. Кейбір туристер бүгін түнгі рейстермен елге оралды.
Фото: alaport.com