БУРАБАЙДЫҢ ЖҮКТЕМЕСІН АЗАЙТУ: КУРОРТТЫ ӨҢІРДЕ БАЛАМА БАҒЫТТАРДЫ ДАМЫТУ ЖОСПАРЛАНҒАН

БУРАБАЙДЫҢ ЖҮКТЕМЕСІН АЗАЙТУ: КУРОРТТЫ ӨҢІРДЕ БАЛАМА БАҒЫТТАРДЫ ДАМЫТУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Щучье-Бурабай курортты өңірін кешенді дамыту жоспарын жүзеге асыруға арналған дөңгелек үстелге қатысты.

Биыл наурыз айында Үкімет Щучье-Бурабай курортты өңірін дамытудың кешенді жоспарын бекіткен еді. Жоспарға өңірдің негізгі көлдері – Щучье мен Бурабайға түсетін жүктемені азайту шаралары енгізілген. Мәселені шешу үшін Қатаркөл, Кіші және Үлкен Шабақты, Жөкей көлдері сынды балама бағыттарды дамыту қарастырылған. Бұл туристер ағынын тиімді бөлуге, инфрақұрылымды жақсартуға және өңірге инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Жиында Ербол Мырзабосынов курортты өңір күннен күнге туристер арасында танылып келе жатқанын жеткізді. Былтыр өңірге келген саяхатшылар саны 1 миллионға жуықтап, оның 350 мыңға жуығы орналастыру орындарына тоқтаған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 14% көп.

«Бурабай – еліміздегі ең тартымды әрі болашағы зор туристік бағыттардың бірі. Мемлекет өңірді дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдауда. Кешенді жоспардың жүзеге асуы туристер санын арттырып, туризм саласындағы жұмыспен қамтуды 22 мыңнан 32,5 мың адамға дейін ұлғайтады. Сондай-ақ жеке инвестицияларды 22 миллиард теңгеден астам көлемде тартуға мүмкіндік береді. Өңір экономикасындағы туризм үлесі қазіргі 1,4%-дан 3,5%-ға дейін өседі деп күтілуде», – деді министр.

Облыс әкімі Ақмола өңірі туризмді кешенді дамыту жоспарын алғаш бекіткен аймақтардың бірі екенін атап өтті. Бұл – Мемлекет басшысының өңірге ерекше көңіл бөлгенінің және Бурабайды дамыту басым бағыт екенінің айқын көрінісі.

Айта кетейік, курортты Кешенді дамыту жоспарына 12 бағыт бойынша 118 іс-шара енгізілген. Олардың қатарында инфрақұрылымды, логистиканы, цифрландыруды дамыту, қоршаған ортаны қорғау және туристік қызмет сапасын жақсарту бар. Ауқымды жобалардың бірі – 1000 орындық Конгресс-орталықтың құрылысы. Бұл мәдени нысан курортты өңірді іскерлік туризм мен мәдени іс-шаралардың орталығына айналдыруға зор ықпал етеді.