Меню
Страницы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Комитеттер
Құжаттар
Министрлік туралы
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
Туризм
17 апреля 2026
Туризм және спорт министрлігі «Туризм саласында жиі қойылатын сұрақтар» атты жаңа айдарды бастайды

Айдар аясында туризм саласына қатысты өзекті сауалдарға нақты әрі түсінікті жауап береміз. Бүгін «Туроператорлар тізіліміне қалай тіркелуге болады?» деген сұраққа тоқталамыз.

Туроператор қызметімен айналысу үшін мемлекеттік электрондық тізілімге тіркеліп, лицензия алу қажет.

Қазіргі уақытта мемлекеттік электрондық тізілім деректеріне сәйкес туроператор қызметіне 745 лицензия берілген. Оның ішінде:
🔹шығу туризмі саласында – 49;
🔹ішкі, келу және шығу туризмі саласында – 52;
🔹ішкі және келу туризмі саласында – 644.

Сонымен қатар мемлекеттік тізілімде 12 392 турагент, сондай-ақ 388 гид, экскурсовод және туризм нұсқаушысы тіркелген.

Лицензияны қалай алуға болады?
Мемлекеттік қызметке өтінім беру «Электрондық лицензиялау» порталы – www.elicense.kz сайты арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып жүзеге асырылады.

Қызмет көрсету құны мен мерзімі:
🔸лицензия беру құны – 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК);
🔸лицензияны қайта ресімдеу – лицензия беру құнының 10%-ын құрайды, бірақ 4 АЕК-тен аспайды;
🔸лицензия беру мерзімі – 6 жұмыс күнінен кешіктірілмейді;
қайта ресімдеу мерзімі – 3 жұмыс күніне дейін.

Лицензия алу үшін қойылатын талаптар
Туроператор қызметінің барлық түрі үшін мынадай талаптар белгіленген:
🔸қалыптастырылған туристік өнімнің болуы;
🔸туризм саласы бойынша білімі, кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар және кемінде бір қызметкердің болуы;
🔸меншік құқығындағы немесе өзге де заңды негіздегі кеңсе үй-жайының болуы.

Шығу туризмі саласында жұмыс істейтін туроператорлар үшін қосымша түрде «Туристік Қамқор» кепілдендіру жүйесі аясында банктік кепілдік шартының болуы талап етіледі.

Қосымша ақпарат алу үшін Туризм индустриясы комитетіне 8 (7162) 74-15-08, 8 (7162) 74-17-34 нөмірлері арқылы хабарласуға болады.

Жазғы спорт түрлері
16 апреля 2026
20 жылдан кейінгі тарихи алтын: Айым Серікбаева - таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионы

Қазақстандық спортшы Айым Серікбаева (-44 кг) таеквондодан (WT) жастар арасында әлем чемпионы атанды. Ташкент қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінің финалында ол мексикалық Понсе Нуньес Дара Ширлиді 2:0 есебімен сенімді түрде жеңді.

Бұл жеңіс - Қазақстан таеквондосы үшін тарихи сәт. Ел құрамасы жастар арасындағы әлем чемпионатында соңғы рет алтын жүлдені 2006 жылы жеңіп алған еді. Осылайша, араға 20 жыл салып алтын медаль қайтадан ел қоржынына түсті.

Айта кетейік, Айым Серікбаева бұған дейін Азия чемпионы атанып, жастар арасындағы Азия ойындарының жеңімпазы болған.

Қазіргі таңда Ташкентте өтіп жатқан додада Қазақстан құрамасының қоржынында бұған дейін Ерасыл Ерзат пен Ислам Медетбай жеңіп алған екі қола медаль бар.

Жастар арасындағы әлем чемпионаты 17 сәуірге дейін жалғасады.

Жазғы спорт түрлері
Қысқы спорт түрлері
Спорт резерві және әдістемелік қамтамасыз ету
Спортта мүмкіндіктері шектеулі тұлғалармен жұмыс
14 апреля 2026
Қазақстандық спортшылар Туризм және спорт министрлігі енгізген жаңартылған тәсіл аясында жоспарлы түрде спорттық жабдықтармен қамтамасыз етілуде

Кезекті спорттық киімдер жиынтығы Түркістан қаласында ескек есу спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаларға табысталды. Атап айтқанда, байдарка мен каноэде есу, сондай-ақ академиялық есу бойынша спортшылар толық жиынтыққа ие болды. Жиынтық құрамына жарысқа арналған форма, жаттығу және жарысқа дайындыққа қажетті киімдер кіреді. Бұл жазғы және қысқы маусымдарға арналған барлық қажеттіліктерді қамтиды.

Жабдықтар халықаралық Under Armour брендімен әзірленіп, ұлттық құрамаларды қамтамасыз етудің жаңа стандарты аясында ұсынылуда.

Бұған дейін мұндай толық жиынтықтар семсерлесу, жеңіл атлетика, бокс, күрес түрлері, нысана көздеу, су добы, дзюдо және өзге де спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаларға берілген болатын.

Аталған бастама спортшыларға сапалы дайындық жағдайын жасауға және халықаралық аренадағы нәтижелерін арттыруға бағытталған.

Спорт
14 апреля 2026
Президент балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшіруді көздейтін заңға қол қойды

Президент балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшіруді көздейтін заңға қол қойды. Енді бір спортшыға жылына шамамен 415 мың теңге бөлінеді (бұрын – 233 мың еді). Жаңа жүйе 2026 жылдан бастап іске қосылады.

Сондай-ақ, біліктілігі расталған жаттықтырушылардың жалақысы 30%-ға артады.

Бүгінде елімізде 526 спорт мектебінде 400 мыңға жуық бала жаттығады. Саланы дамытуға 2028 жылға дейін 74 млрд теңге бағытталады.

Сонымен қатар спорттық инфрақұрылым да қарқынды дамып келеді . Атырау облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында дарынды спортшыларға арналған заманауи мектеп-интернат салынуда.

Барлық шаралар болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.

Спорт
13 апреля 2026
Елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алғашқы спорт нысанының құрылысы басталды

Атырау облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) тетігі арқылы салынатын алғашқы спорт нысанының құрылысы басталды. Бұл – Атырау қаласында дарынды балаларға арналған облыстық спорт мектеп-интернат-колледжі. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың мамыр айына жоспарланған.

МЖӘ механизміне сәйкес, жеке әріптес жобалаудан бастап құрылысқа дейінгі жұмыстарды және нысанды пайдалануға берілгеннен кейінгі 5 жыл бойы оны күтіп-ұстау қызметтерін жүзеге асырады.

Жобаның басты ерекшелігі – толыққанды көпфункционалды спорттық-білім беру кешенінің салынуы. Мұнда заманауи оқу ғимараттары мен жайлы жатақхана қарастырылған. 3,2 гектар аумақта 400 орындық оқу блогы, 300 орындық жатақхана, 13 спорт залы, бассейн, асхана, кітапхана, стадион, жүгіру жолақтары, сондай-ақ баскетбол және волейбол алаңдары бой көтереді.

Қазіргі таңда елде 16 облыстық мамандандырылған мектеп-интернат және 4 республикалық мектеп-колледж-интернат жұмыс істейді, онда 6 431 спортшы білім алады. Алайда Астана және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Абай, Ұлытау және Қостанай облыстарында мұндай мекемелер жоқ. Сондықтан Атырау облысындағы бұл жоба пилоттық режимде іске асырылып, кейіннен өзге өңірлерге де кеңейту жоспарланып отыр.

Жаңа кешенде 13 олимпиадалық спорт түрі бойынша 400 спортшыны (300 оқушы және 100 колледж студенті) даярлау көзделген. Олардың барлығы Атырау облыстық спорт интернатының тәрбиеленушілері болады.

Мектеп-интернат-колледжінің құрылысы спорт резервін даярлауға қолайлы жағдай жасап, оқу мен жаттығуды тиімді ұштастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар елімізде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға айтарлықтай серпін береді.

Жазғы спорт түрлері
13 апреля 2026
13-19 сәуір күндері өтетін спорт жарыстарының кестесі

15-19 сәуір – таеквондодан кадеттер арасындағы халықаралық турнир
Ел намысын 5 спортшы қорғайды.
Өтетін орны: Аликанте қ. (Испания).

15-21 сәуір – шахматтан жастар мен кадеттер арасындағы әлем чемпионаты
40 елден 428 спортшы қатысады. Қазақстан құрамасынан 53 спортшы бақ сынайды.
Өтетін орны: Врнячка-Баня қ. (Сербия).

16-19 сәуір – дзюдодан Азия чемпионаты
Қазақстаннан 18 спортшы қатысады.
Өтетін орны: Ордос қ. (Қытай).

16-20 сәуір – күрес түрлерінен жастар арасындағы халықаралық турнир
Жарыста отандық 16 палуан белдеседі.
Өтетін орны: Анталья қ. (Түркия).

17-19 сәуір – велотректен Әлем кубогі
Қазақстаннан 4 спортшы қатысады.
Өтетін орны: Гонконг.

17-19 сәуір – көркем гимнастикадан Әлем кубогі
Ел құрамасынан 2 спортшы қатысады.
Өтетін орны: Баку қ. (Әзербайжан).

17-19 сәуір – семсерлесуден «Гран-при» турнирі
Халықаралық жарыста 8 спортшымыз бақ сынайды.
Өтетін орны: Будапешт қ. (Мажарстан).

18-24 сәуір – шайбалы хоккейден жасөспірімдер (U-18, IA дивизионы) арасындағы әлем чемпионаты
Жаһандық додаға Қазақстан құрамасы да қатысады.
Өтетін орны: Крыница-Здруй қ. (Польша).

19 сәуір – WT таеквондодан Spanish Open халықаралық жарысы
Турнирде 10 спортшымыз өнер көрсетеді.
Өтетін орны: Аликанте қ. (Испания).

Жазғы спорт түрлері
13 апреля 2026
Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі

Әуесқой бокс: Қазақстан құрамасы Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда ересектер арасында өткен Азия чемпионатында 13 медаль (6 алтын, 2 күміс, 5 қола) жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте топ жарды. 2-орынды Үндістан боксшылары (5 алтын, 3 күміс, 8 қола) иеленсе, үздік үштікті Өзбекстан командасы түйіндеді (3 алтын, 4 күміс, 4 қола).

Теннис: Қазақстан әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алды. Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде жерлестеріміз Канада құрамасынан 3:1 есебімен басым түсті.

Көркем гимнастика: Ақмарал Ерекешева Францияның Тье қаласында өткен Гран-при кезеңінде төрт медаль жеңіп алды. Спортшы жарысты екі күміс және екі қола жүлдемен аяқтады. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы топтық жаттығуда (көпсайыс) үшінші нәтиже көрсетті.
Ал Өзбекстанда ұйымдастырылған Әлем кубогында Қазақстан ұлттық құрамасы топтық жаттығуда күміс медаль жеңіп алды.

Спорттық гимнастика: Қазақстан құрамасының спортшылары Мысыр мен Хорватияда өткен Әлем кубогында табысты өнер көрсетті. Мысырдағы бәсекеде Асан Сәлімов пен Зейнолла Ыдырысов күміс медаль жеңіп алса, Нариман Құрбанов қола медаль олжалады.
Ал Хорватиядағы додада Милад Карими мен Зейнолла Ыдырысов күміс жүлде еншілесе, Нариман Құрбанов қола жүлдені қанағат тұтты.

Күрес: Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен күрес түрлерінен Азия чемпионатында отандық палуандар 1 алтын, 6 қола медаль жеңіп алды.

Каратэ: Қытайдың Лэшань қаласында WKF каратэден Премьер-лига санатындағы турнирде ұлттық құрама спортшылары 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады.

Самбо: Армения астанасы Ереванда өткен спорттық және жауынгерлік самбодан Әлем кубогының алғашқы күнінде Қазақстан командасының өкілдері 1 алтын, 4 күміс және 8 қола медаль иеленді.

Спорт
10 апреля 2026
Қазақстанда UWW таныған Күрес академиясын ашу жоспарлануда

Қазақстанға ресми сапармен Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымының президенті Ненад Лалович және UWW Asia ұйымының президенті Мохаммед әл-Авамле келді.

Сапар аясында Қазақстан Күрес федерациясы мен United World Wrestling арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат елімізде спортшыларды жоғары деңгейде даярлайтын, UWW тарапы таныған Күрес академиясын ашуды көздейді.

Академия грек-рим, еркін, әйелдер және жағажай күресі бойынша балуандарды даярлайтын заманауи орталыққа айналады. Сонымен қатар құрамында жаттығу үдерісін кешенді қамтамасыз ететін медициналық және спорттық-ғылыми зертханалар ашу жоспарланып отыр.

Сапар барысында UWW президенті Ненад Лалович пен Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов Федерацияның жаңа кеңсесінің ашылу рәсіміне қатысты. Кеңсе құрамында Қазақстан күресінің бай тарихына арналған арнайы Даңқ залы ашылды. Мұнда отандық спортшылардың Олимпиада мен әлем чемпионаттарындағы жетістіктерін айғақтайтын бірегей жәдігерлер, соның ішінде медальдар, белбеулер, спорттық киімдер, фотоматериалдар және чемпиондардың жеке мұрағаттары қойылған.

Халықаралық федерация өкілдері Қазақстандағы күрестің даму қарқынына жоғары баға беріп, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін білдірді.

Сапар аясында шетелдік қонақтарға Астана қаласындағы негізгі спорт нысандары, соның ішінде Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Барыс Арена», сондай-ақ Алматы қаласының спорт нысандары таныстырылды.

Жазғы спорт түрлері
10 апреля 2026
Мемлекет басшысы бокстан Қазақстан ұлттық құрамасын Ұлан-Батырда өткен Азия біріншілігінде табысты өнер көрсетуімен құттықтады

Президент спортшыларымыз жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алып, отандық бокс мектебінің жоғары деңгейін көрсеткенін атап өтті.

Құттықтауда Оразбек Асылқұлов, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай, Надежда Рябец және Дина Исламбекова секілді спортшылардың жеңіс тұғырына көтеріліп, ортақ жетістікке зор үлес қосқанына назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің әлемдік жарыстарда көк байрағымызды биікте желбірете берулеріне тілектестік білдірді.

Жазғы спорт түрлері
10 апреля 2026
Қазақстан бокстан Азия чемпионатында жалпы есепте 1-орын алды

Бүгін Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда ересектер арасында бокстан Азия чемпионаты аяқталды. Санаулы сəттер бұрын Қазақстан командасы қоржынына 6-шы алтын медаль түсті.

Ерлер мен әйелдер арасындағы нәтижені қосқанда қазақ былғары қолғап шеберлері жалпыкомандалық есепте топ жарды. Қоржында барлығы 13 медаль - 6 алтын, 2 күміс, 5 қола бар.

Чемпиондар - Надежда Рябец (-80 кг), Дина Исламбекова (+80 кг), Оразбек Асылқұлов (-60 кг), Сабыржан Аққалықов (-75 кг), Нұрбек Оралбай (-85 кг), Айбек Оралбай (+90 кг);

Күміс жүлдегерлер - Бақыт Сейдіш (-70 кг), Төрехан Сабырхан (-70 кг);

Қола жүлдегерлер: Айгерім Сәттібаева (-48 кг), Валентина Хальзова (-75 кг), Махмұд Сабырхан (-55 кг), Ертуған Зейнуллинов (-65 кг), Сағындық Тоғамбай (-90 кг);

Жалпыкомандалық есепте 2-орын Үндістан боксшыларында (5 алтын, 3 күміс, 8 қола) Үздік үштікті Өзбекстан командасы түйіндеді (3 алтын, 4 күміс, 4 қола). Биыл барлығы 14 мемлекеттің боксшысы жүлде алды.

Социальные сети
Telegram
Facebook
Youtube
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты