Ведомство басшысы спортшылар және жаттықтырушылармен әңгімелесіп, құрлықтың басты спорттық додасында сәтті өнер көрсетулеріне тілектестік білдірді. Жақын арада командалар Жапонияға аттанып, Қазақстан делегациясының негізгі бөлігіне қосылады.
Бүгінде Қазақстан делегациясының шамамен 80%-ы Жапонияда орналасқан. Биыл ұлттық құраманы даярлау жүйесіне жаңа тәсіл енгізілді. Қорытынды оқу-жаттығу жиындарының едәуір бөлігі тікелей Азия ойындары өтетін елде ұйымдастырылып отыр.
Бұл шешім спортшылардың жарыс басталғанға дейін алдын ала жергілікті жағдайға бейімделуі, уақыт белдеуіне, климаттық жағдайларға және жарыс ортасының ерекшеліктеріне үйренуі үшін қабылданды. Сонымен қатар Жапонияда спортшылардың дайындығы тексеріліп, жарыстар алдындағы жаттығу жүктемелеріне қажетті түзетулер енгізіледі.
«Азия ойындары – жылдың басты спорттық додаларының бірі және еліміз үшін маңызды жарыс. Команданың негізгі бөлігі қазірдің өзінде Жапонияда және қорытынды дайындық кезеңінен өтіп жатыр. Спортшылардың климатқа, уақыт белдеуіне алдын ала бейімделіп, өз жарыстарына оңтайлы дайындықпен келуі үшін барлық жағдайды жасауға тырыстық. Әрқайсыңыздың арттарыңызда – жылдар бойғы қажырлы еңбек, жаттықтырушылардың еңбегі және миллиондаған қазақстандықтардың қолдауы бар. Сіздерге өз күштеріңізге сенімділік, сәттілік және жоғары нәтижелер тілеймін», – деді Ербол Мырзабосынов.
Кездесу барысында Ойындардың ашылу салтанатындағы спортшылар шеруінде Қазақстанның атынан шығатын спортшылар да таныстырылды. Олар – дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов және үстел теннисінен ұлттық құраманың спортшысы Сарвиноз Миркадирова.
Министр ұлттық құраманы сапалы даярлау үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті. Қорытынды дайындық кезеңінде спортшылардың физикалық жағдайына, қалпына келуіне және жарыс күндеріне тікелей дайындығына ерекше назар аударылып отыр.
XX жазғы Азия ойындары 2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аити префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Жарысқа Азияның 45 елінен шамамен 15 мың спортшы қатысады деп күтілуде. Сайыс барысында 469 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.
Президент спорттағы жоғары жетістіктері, сондай-ақ Бішкек қаласында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға және өткізуге ерекше үлес қосқаны үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыстады.
t.me/aqorda_resmi
– Қазір осы салада жұмыс істейтін отыздан астам арнайы мекеме бар. Астанада Ұлттық спорт университеті ашылды. Бұл оқу орны спорт саласындағы кәсіби кадрларды даярлауға шешуші үлес қосады деп жоспарлап отырмыз. «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» да табысты қызмет ете бастады. Елімізде жыл сайын қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, бәйге және басқа да спорт түрлері бойынша мыңнан астам жарыс өткізіледі. Ұлттық спорт түрлерінің фестивалі, «Ақ бидай» ауыл ойындары, «Қазақстан барысы» додасы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Ең бастысы, ұлттық спорт пен олимпиадалық спорт түрлері заң жүзінде тең мәртебеге ие болды. Бүгінде қазақ спортының беделі зор. Мұны бүкіл әлем мойындайтын болды. Қазақстан спортшылары әрдайым үздіктер қатарында. Күні кеше даңқты спортшымыз Елена Рыбакина теннистен әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бұл – шын мәнінде өте үлкен жетістік. Мен Елена Рыбакинаны құттықтадым, оның еңбекқорлығы мен шеберлігін атап өтіп, бойындағы жеке мәдениетінің жоғары екеніне ерекше баға бердім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент спорт саласындағы жетістіктерге Үкіметтің, тиісті министрліктің табанды жұмысының алғашқы нәтижесі ретінде оң баға беріп, алдымызда әлі талай міндет тұрғанын еске салды.
– Елімізде түрлі халықаралық додалар өткізілуде. Биыл Астанада дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны ұштастырған бірегей жарыс – «Болашақ ойындары» сәтті өтті. Келесі жылы елорда төрінде жеті бірдей әлем чемпионаты жалауын көтереді. Өте ауқымды жұмысты атқаруымыз керек, бірақ мұның бәрі – еліміздің абыройына, беделіне өте қажетті халықаралық іс-шаралар. Ал 2029 жылы Алматыда X Қысқы Азия ойындары өтеді. Осы маңызды шаралардың бәрін сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет,– деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, спортшылардың жеңісі, ең алдымен, өскелең ұрпаққа жігер беретінін айтты.
– Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен мәртебе және зор жауапкершілік. Жеңімпаз, чемпион болу – бір басқа, жеңімпазға, чемпионға лайық үлгі көрсету – бір бөлек. Жас ұрпақты табанды, қайсар, шыдамды болумен қатар, оларды әдепті, мәдениетті, тиянақты болуға үйрету өте маңызды. Сонда жастарымыздың тәні де, жаны да сау, санасы сергек болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
t.me/aqorda_resmi
Мемлекет басшысы қазір еліміз тарихи өрлеу дәуіріне қадам басқанын жеткізіп, елде болып жатқан елеулі өзгерістерге тоқталды.
– Біз біртұтас ел болып аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырдық. Барша жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа бағдар беретін Конституциямызды қабылдадық. Әділетті, Күшті, Озық, Таза Қазақстанның берік негізін қаладық. Мұны ұлт тарихындағы нағыз бетбұрысты оқиға деп бағалауға болады. Конституция – халқымыздың темірқазығы, ел ішіндегі түбегейлі өзгерістерге тың серпін берген қастерлі құжат. Таяуда ғана Құрылтай сайлауы өтті. Құрылтайға кәсіби, іскер, жаңашыл азаматтар кірді. Олардың ішінде жастар да аз емес. Вице-Президент тағайындалды. Жаңартылған Үкімет жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты жасақталды. Көп ұзамай Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітіледі. Құрылтайдың келісімімен Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалады. Осылайша, еліміздің негізгі мемлекеттік институттары толық жаңғыртылады. Бұл да – ауқымды реформаларымыздың өте маңызды бөлігі. Ал қазан айында мен Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдауымды жасап, алдағы жоспарымызды айқындаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент ұлт саулығын нығайту және адам капиталын күшейту мемлекеттің конституциялық міндеті саналатынын мәлімдеп, осы бағытта қолға алынған іргелі істерді атады.
– Соңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынды, бірқатары жөндеуден өткізілді. Былтыр менің тапсырмаммен «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа заң отандық спорттың дамуына күшті серпін бермек, соның ішінде ұлттық спорттың өркендеуіне ерекше ықпал етеді. Балаларымыз спортпен немесе дене шынықтырумен міндетті түрде айналысуы керек. Бұл – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Осы мақсаттың жалпыұлттық мән-мағынасы айрықша. Өйткені дене-бітімі әлсіз, рухы қауқарсыз халқы бар ел ешқашан озық, дамыған мемлекет бола алмайды. Бұл – баршаға белгілі ақиқат. Сондықтан спорт мектептерінде оқитын әр балаға бөлінетін қаражат көлемі екі есеге жуық артты, яғни 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге ұлғайды. Былтыр 220 мыңнан астам бала спорт үйірмесіне мемлекет есебінен ақысыз барды. Осы мақсатқа 50 миллиард теңге бөлінді. Дене шынықтырумен шұғылданатын адамдардың саны 8 миллионнан асты. Бұл – халқымыздың жартысына жуығы деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, бізді салауатты ұлт деп атауға болады. Бірақ босаңсуға болмайды, – деді Президент.
t.me/aqorda_resmi
Осы ретте Президент бүкіл әлем түркі халықтарына көз тігіп отырғанын алға тартып, бұл жарысты бірлесе дамытуға шақырды.
– Қазақстан осы ортақ іске белсене атсалысуға қашанда дайын. Екі бауырлас елге ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен ең құнды өсиеті: бұл – өзара құрмет және мәңгі достық. Осы даналықты ұмытуға ешқандай хақымыз жоқ. Біз – Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагерінің біріміз. Батыр бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді бізге аманат етті. Салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды мұра етіп қалдырды. Қастерлі қазынаны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – ортақ парызымыз. Осы рухты борышымызды өркениетті, мәдениетті түрде, абыроймен жүзеге асыруымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан мақсаты – биік, жоспары – айқын, болашаққа сеніммен қарайтын озық ойлы ұлт ретінде әрдайым алға қарай ұмтылып келе жатқанын айтты.
– Біз, соның ішінде ұлттық спортпен айналысатын жастар, басқа да спортшылар, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлер, дәрігерлер мен ұстаздар, студенттер мен ғалымдар, жұмысшылар мен басқарушылар, әскери қызметкерлер мен мекеме қызметшілері – бәріміз мәдениетті, сабырлы болып, даңғаза мен айқай-шуға жол бермеуіміз қажет. Сонда ғана қазақ халқы толыққанды өркениетті қоғам болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
t.me/aqorda_resmi
Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылар мен бапкерлерді Көшпенділер ойындарындағы жарқын жеңістерімен құттықтап, олар Қазақстанның ұлттық спорттағы абырой-беделін дүние жүзіне паш еткенін атап өтті.
– Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділеттікке сай сөз болады. Мен Президент ретінде баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер, тілекші болды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ұлттық құраманың жалпы есепте бірінші орынға шыққанын ел мерейін өсірген елеулі жетістікке балады.
– Сайыс қорытындысы бойынша спортшыларымыз 74 медаль еншіледі. Оның 32-сі – алтын жүлде. Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты, нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Жалпы, спорттың басты миссиясының бірі – өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайту. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Сайыс нәтижелері әділ болды. Осыған орай, Қырғыз елінің Президентіне ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
t.me/aqorda_resmi
Астанада «Өзбекстан мен Қазақстан: стратегиялық әріптестік және жаңа туристік хабтарды қалыптастыру» тақырыбында туризм форумы өтті.
Іс-шараға екі елдің салалық мемлекеттік органдарының, туристік компанияларының, әуе тасымалдаушыларының, қонақ үй бизнесінің, салалық қауымдастықтары мен бұқаралық ақпарат құралдарының 300-ге жуық өкілі қатысып, екіжақты ынтымақтастықты дамыту және Орталық Азияның бірыңғай туристік өнімін ілгерілету мәселелерін талқылады.
Екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға өзара туристік ағынның тұрақты өсуі негіз болып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға Өзбекстаннан келген туристер саны шамамен 5,6 млн адамды құрады, ал Өзбекстанға 2,9 млн-ға жуық қазақстандық барған. Көрсеткіштердің өсуіне көлік логистикасының тұрақты кеңеюі және Алматы, Ташкент, Самарқанд, Атырау, Орал, Қостанай және Үргеніш қалалары арасында жаңа әуе рейстерінің ашылуы да ықпал етуде.
Форумның пленарлық отырысын Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Б. Ибрагимов, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі М. Төлебаев және Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Т. Ластаев құттықтау сөздерімен ашты.
Мирас Төлебаев өңірді бірыңғай туристік бағыт ретінде танытудың маңызын атап өтті: «Бүгінде халықаралық турист бір сапар барысында бір елмен ғана шектелмей, тұтас өңірді аралап көруге ұмтылады. Сондықтан Қазақстан мен Өзбекстанды Орталық Азия бойынша біртұтас әрі тартымды саяхат бағытының бір бөлігі ретінде бірлесіп ілгерілету маңызды. Біздің міндетіміз – өз артықшылықтарымызды нақты туристік өнімдерге, қолайлы маршруттарға және әлемдік нарықта танымал әрі бәсекеге қабілетті ұсынысқа айналдыру».
Спикер бірлескен жұмыстың негізгі басымдықтарын да айтты. Олардың қатарында Ұлы Жібек жолы бойымен трансшекаралық туристік маршруттар құру, көлік интеграциясын дамыту, сондай-ақ саяхатшылардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін шекарадан өту және визалық рәсімдерді жеңілдету бар.
Инвестиция, жаңа стандарттар және қонақ үй инфрақұрылымы жобаларына арналған панельдік сессия барысында Kazakh Tourism ҰК АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов Қазақстандағы қонақ үй секторының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, елде 4,5 мыңнан астам орналастыру орны жұмыс істейтінін айтты. Сондай-ақ жаңа сервистік стандарттарды енгізудің маңызына тоқталды. Екі елдің туристік инфрақұрылымына халықаралық брендтерді тарту бағытындағы жүйелі жұмыстың да маңызы ерекше екені айтылды. Бұл қызмет көрсету сапасын айтарлықтай арттырып, халықаралық қонақтар ағынының өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Форумның іскерлік бағдарламасы мамандандырылған панельдік сессиялармен жалғасты. Қатысушылар Air Astana, Uzbekistan Airways, Centrum Air, FlyArystan және Vietjet Qazaqstan өкілдерімен тікелей әуе рейстерін кеңейту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар қонақ үй инфрақұрылымы, зиярат ету, рухани және сауықтыру туризмін дамыту әлеуеті қаралды.
Іс-шара бағдарламасы ұлттық киімдер көрсетілімімен, өңірлердің туристік әлеуетінің таныстырылымдарымен, B2B кездесулерімен және мәдени бағдарламасы бар ресми қабылдаумен толықты. Форум Орталық Азияның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетті әрі танымал туристік ұсынысын қалыптастыру жолындағы маңызды практикалық қадам болды.
2026 жылғы 15–20 қыркүйек аралығында Астана алғаш рет WTT Star Contender санатындағы халықаралық турнирді қабылдайды. WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup үстел теннисінен дәстүрлі Қазақстан Республикасы Президентінің ашық кубогы аясында өтіп, әлемнің 29 елінен 160 спортшының басын қосады.
Халықаралық үстел теннисі күнтізбесіндегі ірі жарыстардың бірі Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
Турнирдің жалпы жүлде қоры - 300 000 АҚШ доллары.
Астанадағы додаға әлемдік үстел теннисінің таңдаулы өкілдері қатысады. Жарысқа өтінім берген спортшылар қатарында Ван Иди (Wang Yidi, Қытай), Алексис Лебрен (Alexis Lebrun, Франция), Данг Цю (Dang Qiu, Германия), Дарко Йоргич (Darko Jorgic, Словения), Дмитрий Овчаров (Dimitrij Ovtcharov, Германия), Сацуки Одо (Satsuki Odo, Жапония), сондай-ақ Миу Хирано (Miu Hirano, Жапония) бар. Жекелей сында 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Фанг Бо Қазақстан атынан Nomad Table Tennis Academy құрамында өнер көрсетеді.
Отандастарымыз WTT-дің ең ірі турнирлерінде, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында тұрақты өнер көрсетіп жүрген спортшылардың ойынын өз көзімен тамашалауға мүмкіндік алады. Ал отандық ойыншылар үшін өз алаңындағы Star Contender әлемнің жетекші спортшыларымен кездесіп, осындай деңгейдегі жарыстың тәжірибесін жинауға және халықаралық рейтингтік ұпайлар иеленуге жол ашады.
WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup World Table Tennis ұйымының ресми халықаралық күнтізбесіне енгізілген. Турнирдің халықаралық құқық иеленушісі әрі ұйымдастырушысы - ITTF аясында жұмыс істейтін World Table Tennis (WTT).
Қазақстандағы жарысты ұйымдастыруды Nomad Table Tennis Academy қамтамасыз етеді.
Жарыс бес дисциплина бойынша өтеді: ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей разряд, ерлер мен әйелдер арасындағы жұптық разряд, сондай-ақ аралас жұптық разряд.
WTT Star Contender турнирінің Қазақстан Республикасы Президентінің ашық кубогы аясында өткізілуі жарыстың дамуындағы жаңа кезеңді айқындайды. Бұл формат қалыптасқан қазақстандық спорт дәстүрін кәсіби үстел теннисінің жетекші халықаралық серияларының бірімен тоғыстырады.
WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup турнирін өткізу Қазақстанның әлемдік үстел теннисі картасындағы орнын нығайтып, отандық спортшыларға өз алаңында әлемнің үздік ойыншыларымен тұрақты түрде бәсекеге түсуге мүмкіндік береді.
WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup
Өтетін күні: 2026 жылғы 15–20 қыркүйек
Өтетін орны: Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, Астана
Жүлде қоры: 300 000 АҚШ доллары
Қатысушылар: әлемнің 29 елінен 160 спортшы
Мемлекет басшысы теннисші Елена Рыбакинаны «Әлемнің бірінші ракеткасы» атағына ие болуымен құттықтады
– Сіз айрықша талант пен тынымсыз еңбектің және өзіңізге деген нық сенімнің арқасында WTA рейтингінде көш бастап, биік шыңды бағындырдыңыз. Осынау тарихи жеңісіңіз қазақ спортының даңқын асырды. Есіміңіз әлемдік теннис жылнамасынан ойып тұрып орын алды. Сіздің жетістікке толы жолыңыз – еліміздің жас спортшылары мен дүниенің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі-өнеге. Сонымен қатар кортта да, қоғамдық орындарда да, жұртшылықпен қарым-қатынас барысында да байқалатын жоғары мәдениетіңізді айрықша атап өткім келеді. Бұл – сөзсіз Сіздің парасатыңыз бен адами қалпыңыздың айқын көрінісі, – деп жазылған құттықтауда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаның чемпиондарға тән жалынды рухтан қуат алып, жаңа белестерге батыл қадам баса беруіне тілектестік білдірді.
Министр бүгінгі ойында спортшылардың ел намысын абыроймен қорғап, бар күш-жігерін салғанын атап өтті. Сондай-ақ спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін айтып, ең бастысы — жігерді жасытпай, алдағы халықаралық жарыстар мен басқа да ірі додаларға дайындықты жалғастыру екенін жеткізді.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 11 ұлттық спорт түрі жүйелі түрде дамытылып келеді. Ұлттық спорт түрлеріне мемлекеттік қолдау күшейтіліп, оларды дамыту мен спортшыларды даярлау мәселесінде олимпиадалық спорт түрлерімен тең дәрежеде жағдай жасауға басымдық берілуде.
Ербол Мырзабосынов ұлттық құрама ойыншыларына алдағы халықаралық жарыстарда сәттілік пен жаңа жеңістер тіледі.
Ербол Мырзабосынов:
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бауырлас халықтарды ортақ тарихы, дәстүрі мен ұлттық спорты арқылы жақындастыратын ерекше халықаралық дода.
Осы дүбірлі дода аясында Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетіне қарасты Мемлекеттік дене шынықтыру және спорт агенттігінің директоры Урмат Асанбаевпен кездесіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жұмысымызды қорытындыладық.
Кездесуде Урмат Асанбаевқа құрмет көрсетіп, садақ сыйға тарттым. Садақ - көшпенділердің бай мұрасы мен халқымызға ортақ дәстүрдің символы.
Қазақ пен қырғыз – тарихы тамырлас, рухы бір, салт-дәстүрі сабақтас бауырлас халықтар. Осындай халықаралық жарыстар екі елдің спортшылары мен спорт саласының мамандарын жақындастырып, достық байланыстарымызды одан әрі нығайта түседі.
Қырғызстандағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтті. Қырғыз ағайындарға қонақжайлығы мен ыстық ықыласы үшін алғыс айтамын!