Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Комитеттер
Қызметі
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Министрлік туралы
Онлайн қабылдау
Все материалы
Жазғы спорт түрлері
13 апреля 2026
Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі

Әуесқой бокс: Қазақстан құрамасы Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда ересектер арасында өткен Азия чемпионатында 13 медаль (6 алтын, 2 күміс, 5 қола) жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте топ жарды. 2-орынды Үндістан боксшылары (5 алтын, 3 күміс, 8 қола) иеленсе, үздік үштікті Өзбекстан командасы түйіндеді (3 алтын, 4 күміс, 4 қола).

Теннис: Қазақстан әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алды. Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде жерлестеріміз Канада құрамасынан 3:1 есебімен басым түсті.

Көркем гимнастика: Ақмарал Ерекешева Францияның Тье қаласында өткен Гран-при кезеңінде төрт медаль жеңіп алды. Спортшы жарысты екі күміс және екі қола жүлдемен аяқтады. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы топтық жаттығуда (көпсайыс) үшінші нәтиже көрсетті.
Ал Өзбекстанда ұйымдастырылған Әлем кубогында Қазақстан ұлттық құрамасы топтық жаттығуда күміс медаль жеңіп алды.

Спорттық гимнастика: Қазақстан құрамасының спортшылары Мысыр мен Хорватияда өткен Әлем кубогында табысты өнер көрсетті. Мысырдағы бәсекеде Асан Сәлімов пен Зейнолла Ыдырысов күміс медаль жеңіп алса, Нариман Құрбанов қола медаль олжалады.
Ал Хорватиядағы додада Милад Карими мен Зейнолла Ыдырысов күміс жүлде еншілесе, Нариман Құрбанов қола жүлдені қанағат тұтты.

Күрес: Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен күрес түрлерінен Азия чемпионатында отандық палуандар 1 алтын, 6 қола медаль жеңіп алды.

Каратэ: Қытайдың Лэшань қаласында WKF каратэден Премьер-лига санатындағы турнирде ұлттық құрама спортшылары 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады.

Самбо: Армения астанасы Ереванда өткен спорттық және жауынгерлік самбодан Әлем кубогының алғашқы күнінде Қазақстан командасының өкілдері 1 алтын, 4 күміс және 8 қола медаль иеленді.

Спорт
10 апреля 2026
Қазақстанда UWW таныған Күрес академиясын ашу жоспарлануда

Қазақстанға ресми сапармен Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымының президенті Ненад Лалович және UWW Asia ұйымының президенті Мохаммед әл-Авамле келді.

Сапар аясында Қазақстан Күрес федерациясы мен United World Wrestling арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат елімізде спортшыларды жоғары деңгейде даярлайтын, UWW тарапы таныған Күрес академиясын ашуды көздейді.

Академия грек-рим, еркін, әйелдер және жағажай күресі бойынша балуандарды даярлайтын заманауи орталыққа айналады. Сонымен қатар құрамында жаттығу үдерісін кешенді қамтамасыз ететін медициналық және спорттық-ғылыми зертханалар ашу жоспарланып отыр.

Сапар барысында UWW президенті Ненад Лалович пен Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов Федерацияның жаңа кеңсесінің ашылу рәсіміне қатысты. Кеңсе құрамында Қазақстан күресінің бай тарихына арналған арнайы Даңқ залы ашылды. Мұнда отандық спортшылардың Олимпиада мен әлем чемпионаттарындағы жетістіктерін айғақтайтын бірегей жәдігерлер, соның ішінде медальдар, белбеулер, спорттық киімдер, фотоматериалдар және чемпиондардың жеке мұрағаттары қойылған.

Халықаралық федерация өкілдері Қазақстандағы күрестің даму қарқынына жоғары баға беріп, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін білдірді.

Сапар аясында шетелдік қонақтарға Астана қаласындағы негізгі спорт нысандары, соның ішінде Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Барыс Арена», сондай-ақ Алматы қаласының спорт нысандары таныстырылды.

Жазғы спорт түрлері
10 апреля 2026
Мемлекет басшысы бокстан Қазақстан ұлттық құрамасын Ұлан-Батырда өткен Азия біріншілігінде табысты өнер көрсетуімен құттықтады

Президент спортшыларымыз жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алып, отандық бокс мектебінің жоғары деңгейін көрсеткенін атап өтті.

Құттықтауда Оразбек Асылқұлов, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай, Надежда Рябец және Дина Исламбекова секілді спортшылардың жеңіс тұғырына көтеріліп, ортақ жетістікке зор үлес қосқанына назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің әлемдік жарыстарда көк байрағымызды биікте желбірете берулеріне тілектестік білдірді.

Жазғы спорт түрлері
10 апреля 2026
Қазақстан бокстан Азия чемпионатында жалпы есепте 1-орын алды

Бүгін Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда ересектер арасында бокстан Азия чемпионаты аяқталды. Санаулы сəттер бұрын Қазақстан командасы қоржынына 6-шы алтын медаль түсті.

Ерлер мен әйелдер арасындағы нәтижені қосқанда қазақ былғары қолғап шеберлері жалпыкомандалық есепте топ жарды. Қоржында барлығы 13 медаль - 6 алтын, 2 күміс, 5 қола бар.

Чемпиондар - Надежда Рябец (-80 кг), Дина Исламбекова (+80 кг), Оразбек Асылқұлов (-60 кг), Сабыржан Аққалықов (-75 кг), Нұрбек Оралбай (-85 кг), Айбек Оралбай (+90 кг);

Күміс жүлдегерлер - Бақыт Сейдіш (-70 кг), Төрехан Сабырхан (-70 кг);

Қола жүлдегерлер: Айгерім Сәттібаева (-48 кг), Валентина Хальзова (-75 кг), Махмұд Сабырхан (-55 кг), Ертуған Зейнуллинов (-65 кг), Сағындық Тоғамбай (-90 кг);

Жалпыкомандалық есепте 2-орын Үндістан боксшыларында (5 алтын, 3 күміс, 8 қола) Үздік үштікті Өзбекстан командасы түйіндеді (3 алтын, 4 күміс, 4 қола). Биыл барлығы 14 мемлекеттің боксшысы жүлде алды.

Спорт
09 апреля 2026
Қасым-Жомарт Тоқаев Дина Исламбекова мен Надежда Рябецті бокстан Азия чемпионы атануымен құттықтады

Мемлекет басшысы боксшы қыздардың асқан шеберлігі, жеңіске деген ерік-жігері мен отаншылдық сезімі жанкүйерлерді тәнті еткенін атап өтті.

Президент ұлттық құрама мүшелеріне алдағы әлем чемпионаттары мен Лос-Анджелес Олимпиадасында биіктен көрінуіне тілектестік білдірді.

Туризм
09 апреля 2026
Олжас Бектенов Абай облысының туристік әлеуетін дамыту жөніндегі Президент тапсырмасының орындалу барысымен танысты

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары аясында Семей қаласы әкімшілік іскерлік орталығын дамыту жобаларымен және Алакөл жағалауын дамытудың кешенді жоспарымен танысты. Ұсынылған құжаттар Мемлекет басшысы бастамасымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында жүзеге асырылуда.

Премьер-министрге заманауи туристік-рекреациялық аймақ қалыптастыруға бағытталған Алакөл жағалауын дамытудың кешенді жоспары таныстырылды.

Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің туризм саласын дамыту аясында 2029 жылға дейін 49 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын, 2025 жылы Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамытуға 1 млрд теңге бөлінгенін, бұл қаражат жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізуге, абаттандыру мен көшелерді жөндеуге бағытталғанын айтты. 2026 жылы бұл мақсаттарға 10 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізуге, оның ішінде бейнебақылау жүйелерін және орнықты мобильді интернет-қамтуды енгізуге бағытталады.

Туристік аймақты одан әрі дамыту мақсатында оның аумағын 300-ден 3 мың гектарға дейін ұлғайту және өткізу қабілетін тәулігіне 75 мың туриске дейін арттыру көзделген кешенді жоспарды түзету жұмыстары жүргізілуде. Түзетулер биылғы қыркүйек айына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ электр желілерін, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін, көлік және коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салу жобалары қамтылған.

2025 жылы облыста туризмді дамыту бойынша жалпы сомасы 8,9 млрд теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылды.
Премьер-министр әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуды, туризмді дамытуды және инвестициялық тартымдылықты арттыруды қоса алғанда, облысты кешенді дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Жалпы алғанда, республика бойынша туристік инфрақұрылымдар, оның ішінде келушілерді орналастыру нысандарын жаңғырту және көлікке қолжетімділікті жақсарту қарқынды дамып келеді. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша сала өсім көрсетіп отыр, мәселен, ішкі туристер саны 9,1-ден 10,1 млн-ға дейін, шетелдік туристер саны 1,3-тен 1,4 млн-ға дейін ұлғайды. Келушілерді орналастыру нысандарының кірістері 350,6 млрд теңгені құрады, ал инвестициялар көлемі 32,6%-ға өсіп, 1,26 трлн теңгеге жетті.

Осы ретте Семей қаласында Әкімшілік іскерлік орталығы (ӘІО) жобасын жүзеге асыру көзделген. Аумақтың жалпы ауданы 1 мың гектардан асады. Жоба аясында әлеуметтік және іскерлік инфрақұрылымы дамыған жаңа заманауи тұрғын үй ауданын құру жоспарлануда. 2026-2029 жылдар аралығында жалпы ауданы 3 млн шаршы метрден асатын 75 мың адамға арналған тұрғын үй кешендерін, сондай-ақ 17 мектеп пен балабақшаны қоса алғанда, 40-тан астам әлеуметтік, коммерциялық және әкімшілік мақсаттағы нысандарды салу қарастырылған.

Олжас Бектенов қала құрылысына қатысты шешімдердің сапасын қамтамасыз ету және облыс әкімдігі тарапынан кешенді жоспарды жүзеге асыруды тиімді үйлестіру қажеттігін атап өтті.

@KZgovernment

Туризм
09 апреля 2026
Аида Балаева Алакөл жағалауының жазғы туристік маусымға дайындығымен танысты

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Жетісу облысындағы туристік инфрақұрылымның жазғы маусымға дайындығымен танысып, Алакөл жағалауындағы негізгі нысандардың жай-күйін тексерді.

Жұмыс сапарына орталық мемлекеттік органдардың, Үкімет аппаратының, салалық ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысты.

Тексеру барысында Үкімет басшысының орынбасары қонақүй кешендері, кәріз-тазарту құрылыстары нысаны, Көктұма ауылындағы жағалауды бекіту учаскесі және Үшарал қаласының әуежайын аралады. Әр бағыт бойынша нысандардың қазіргі дайындығы мен жобалардың іске асу қарқыны жөнінде баяндалды.

Облыс әкімдігі жағалауды жазғы туристік маусымға дайындау бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Президент өткен жылы да туристік аймақтарда тәртіп орнату, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ инвесторлар үшін нақты қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударған болатын. Бүгінде бұл мәселе Мемлекет басшысының айрықша бақылауында. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 488 шақырымды құрайтын Талдықорған – Үшарал және Үшарал – Достық автомобиль жолдарын реконструкциялау аяқталып, жағалаудың көлік қатынасы едәуір жақсарған. Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағын жаңғыртудан кейін ірі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік жасалып, қосымша терминал салу жобасы да әзірленген.

Туристік аймақтың инженерлік инфрақұрылымы да едәуір нығайтылған. 57 шақырым электр желісі мен екі қосалқы станса құрылысы аяқталды. Бұл бұрынғы қуат тапшылығын жойып, алдағы кезеңге қажетті электр энергиясының қорын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ақши ауылында 69 шақырым кәріз желісінің құрылысы аяқталды. Ақши мен Көктұмадан шығатын ағын суларды қабылдап, тазалап, суды техникалық мақсатта қайта пайдалануға мүмкіндік беретін тазарту құрылыстары жобасын іске асыру жалғасуда. Нысанды биылғы қазан айында толық жабдықтап, инженерлік желілерге қосу жоспарланған. Осылайша жағалаудағы санитариялық жағдай, су бұру және экологиялық қауіпсіздік мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.

Жағалауды бекіту жұмыстарының барысына да баса назар аударылды. Жоба Алакөл жағалауының 13 шақырым аумағын қамтиды. Тексеру барысында бірқатар учаскелерде, соның ішінде жағалауға жақын орналасқан нысандар маңында жағаның шайылу белгілері бар екені тіркелді. Туристік нысан иелерінің айтуынша, қыс мезгілінде ірі мұз массалары жыл сайын жағалау жиегіне әсер етіп, топырақты шайып, жағажай аумағына зақым келтіреді. Соның салдарынан кәсіпкерлер әр маусым сайын жағажайларды қалпына келтіруге және абаттандыруға қайтадан қаржы салуға мәжбүр. Қазіргі уақытта Көктұмада 960 метр, Ақшиде 200 метр аумақта жағалауды бекіту жұмыстары атқарылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуы тиіс. Өйткені аумақтың қорғалуы, нысандардың сақталуы және жағалаудың одан әрі дамуы соған тікелей байланысты.

Жағалаудың санитариялық дайындығы жөнінде де жеке баяндалды. Осы мақсатта коммуналдық база нығайтылып, санитариялық тазарту жұмыстарына қосымша 42 бірлік арнайы техника сатып алынған. Маусымдық бригадалардың жұмысы күшейтіліп, қоқысты жүйелі шығару, қоғамдық кеңістіктер мен жағажай аумағын күтіп ұстау шаралары ұйымдастырылып жатыр.

Маусымның жақындауына байланысты қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Жағалауда құтқару бөлімшелері жұмыс істейді, жазғы кезеңде маусымдық құтқарушылар қосымша тартылады, техника және құрал-жабдықпен жарақтандыру күшейтіледі. Сонымен қатар бейнебақылау, дрон арқылы мониторинг, қолданыстағы шектеулер мен құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік туралы ақпараттық ескертпелер орналастыру көзделген. «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары жағалаудың бүкіл аумағында нақты көрініс табуға тиіс екені атап өтілді. Бұл ең алдымен тазалықтан, тәртіптен, белгіленген талаптардың сақталуынан және барлық қызметтердің үйлесімді жұмысынан байқалуы қажет.

Күн тәртібінде туристік саладағы еңбек қатынастары мәселелері де қаралды. Әсіресе жастар мен студенттерге қатысты бейресми жұмыспен қамтудың алдын алу қажеттігіне ерекше мән берілді. Барлық еңбек қатынастары, еңбекақы төлеу және еңбек жағдайлары тұрақты бақылауда болуы тиіс.

Алакөлді дайындаумен қатар, облыс әкімдігі Балқаш көліндегі туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында да жұмыс жүргізіп жатқаны айтылды. Жағалау аймағының бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітілген, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, жағажай инфрақұрылымын аяқтау 15 маусымға жоспарланған. Сонымен қатар аумақты одан әрі дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған ілеспе жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Аида Балаева атқарылған жұмыстар жағалаудың жаңа инфрақұрылымдық негізін қалыптастырып жатқанын атап өтті. Сонымен бірге демалушылар ағынының ұлғаюын ескере отырып, басты өлшем нақты нәтиже мен барлық қызметтердің дайындығы болып қала беретінін айтты.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары жағалаудың жазғы маусымға толық дайындығын қамтамасыз етуді, негізгі инфрақұрылымдық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды, қауіпсіздік пен санитариялық күтіп-ұстау шараларын күшейтуді, демалушыларға арналған көрнекі профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жолға қоюды, сондай-ақ туристер ағынының өсуі мен ішкі туризмді дамытудың ұзақмерзімді міндеттерін ескере отырып, туристік аймақты жүйелі жаңғыртуды жалғастыруды тапсырды.

Туризм
08 апреля 2026
Аида Балаева Алматы облысындағы туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығын тексерді

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алматы облысындағы туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығын тексерді.

Жұмыс сапарына орталық мемлекеттік органдардың, Үкімет аппаратының өкілдері, сондай-ақ Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.

Тексеру барысында Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайлар мен «ASP Arena» көпфункционалды кешені қаралды. Облыс әкімдігі мен бейінді қызметтер санитариялық дайындық, қауіпсіздік шаралары, медициналық, құтқару және құқық қорғау қызметтерінің жұмысы, сондай-ақ демалушыларға қолайлы жағдай жасау жөнінде баяндады.

Аида Балаева нысандардың толық дайындығын дәл қазірден бастап қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар халықпен уақытылы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің, судағы қауіпсіздікті, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен бірге барлық жағажайлар мен демалыс аймақтары әкімдіктердің қарауында емес екені де арнайы айтылды. Осыған байланысты Аида Балаева жекеменшік нысандардың иелері де тазалыққа, қоғамдық тәртіпке, инфрақұрылымның жай-күйіне және ең алдымен адамдардың судағы қауіпсіздігіне толық жауапкершілікпен қарауға тиіс екенін айтты. Облыс әкімдігіне демалыс аймақтары иелерінің атына қауіпсіздікті қамтамасыз ету, санитариялық талаптарды сақтау және жазғы маусым кезеңінде жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыру жөніндегі ұсынымдар қамтылған тиісті хабарламалар әзірлеу тапсырылды.

Бұдан бөлек, туризм және спорт министріне туристік нысандар иелері мен жеке компаниялардың қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуіне, қауіпсіздік талаптарын сақтауына және белгіленген нормаларды орындауына қатысты жауапкершілігін реттейтін құқықтық тетіктерді пысықтау тапсырылды. Жекеменшік демалыс аймақтары азаматтар мен мемлекет алдындағы тиісті жауапкершіліксіз тек коммерциялық қызметпен ғана шектелмеуге тиіс екені баса айтылды.

Премьер-министрдің орынбасары туристік аймақтарда жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану орындары мен өзге де сервистік нысандар қызметінің заңдылығын бақылау қажеттігіне де айрықша назар аударды. Уәкілетті органдарға еңбек заңнамасының сақталуын, қызметкерлермен, оның ішінде жұмысқа тартылатын жастармен және студенттермен жасалған еңбек шарттарының болуын, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын тексеруді қамтамасыз ету тапсырылды. Азаматтардың құқықтары толық көлемде сақталуға тиіс екені атап өтілді. Бұл демалушылардың да, жергілікті тұрғындар мен қызметкерлердің де құқықтарына бірдей қатысты.

Сонымен қатар көлік логистикасы, автотұрақтардың жеткіліктілігі, жол қозғалысын ұйымдастыру және жаппай демалыс орындарындағы көлік ағынын реттеу мәселесі де көтерілді. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын бұзуға қатаң әрекет ету қажеттігі бөлек көрсетілді. Аида Балаева барлық белгіленген талаптар мүлтіксіз сақталуға тиіс екенін, ал құқық бұзушыларға қатысты шаралар уақтылы әрі заңнамаға сәйкес қабылдануы қажет екенін атап өтті.

«“Таза Қазақстан” идеологиясы жай ұран болып қалмай, туристік нысандардың жай-күйінен көрініс табуы керек. Ол тазалықтан, тәртіптен, кеңістіктің түсінікті ұйымдастырылуынан және ортақ демалыс орнына деген құрметтен байқалуға тиіс. Ал “Заң мен тәртіп” қағидаты барлық қызметтің нақты әрі үйлесімді жұмысынан және қауіпсіздік талаптары мен қоғамдық тәртіп нормаларын бұзғандарға қатысты шаралардың бұлтартпай қолданылуынан көрінуі қажет», — деді Аида Балаева.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары аумақтардың санитариялық жағдайын күшейтуді, инфрақұрылым мен қауіпсіздік қызметтерінің дайындығын қамтамасыз етуді, халықпен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ коммуналдық және жекеменшік демалыс нысандарына жүйелі бақылау орнатуды тапсырды. Сонымен бірге заңдылықтың сақталуына, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғалуына және меншік иелерінің қауіпсіздік, тәртіп пен көрсетілетін қызмет сапасы үшін жауапкершілігіне ерекше мән берілді.

Туризм
07 апреля 2026
Туристік іс-шаралар күнтізбесі — сәуір айында қай өңірлерге барған дұрыс?

Сәуір айында елімізде бірқатар ауқымды туристік іс-шаралар жоспарланған. Бұл айда Қазақстан отандық және шетелдік туристерді кітап, қолөнер және технология әлемін біріктіретін жарқын оқиғалармен қарсы алады.

🔹22–26 сәуір күндері Астанада Eurasian Book Fair халықаралық кітап көрмесі өтеді. Көрме аясында жаңа кітаптардың таныстырылымы, авторлармен кездесулер және білім беру сессиялары ұйымдастырылады.
🔹23–24 сәуірде Жамбыл облысында «Тараз – қолөнершілер қаласы» этномәдени фестивалі ұйымдастырылады. Қонақтар қолөнер көшесін аралап, шеберлік сабақтарына қатысып, халық шеберлерінің бірегей туындыларымен таныса алады.
🔹26 сәуірде Қостанай облысында алғаш рет TechTrail Qostanai отбасылық техно-фестивалі өткізіледі. Бағдарламаға инженерлік квесттер, интерактивті зертханалар және өндіріс орындарына экскурсиялар енген.

Еске сала кетейік, биыл ел бойынша 55 ірі мәдени-туристік іс-шара жоспарланған.

Сапарыңызды алдын ала жоспарлап, өзіңізге қызықты іс-шараны таңдаңыз.

Спорт
07 апреля 2026
2025 жылы салынған әрбір үшінші спорт нысаны ауылдық жерлерде орналасқан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде спорт инфрақұрылымын жаңғырту мәселесін тұрақты түрде көтеріп келеді. Бұл бағыт елдегі бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға тікелей әсер етеді. Президент тапсырмасын орындау мақсатында былтыр елімізде 147 спорт кешені пайдалануға берілді.
Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, халықтың 1 000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтылуы қазіргі уақытта 59,6%-ға жеткен. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 65%-ға дейін жеткізу жоспарланған.

Жыл сайын өңірлерде жаңа спорт ғимараттары салынып, ескілері күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. 2025 жылы пайдалануға берілген спорт нысандарының қатарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жабық футбол манеждері, жүзу бассейндері, күрес, бокс және гимнастика залдары, сондай-ақ ашық спорт алаңдары мен воркаут аймақтары бар.

Ерекше атап өтерлігі, кейінгі жылдары салынып жатқан спорт ғимараттары мен нысандардың басым бөлігі ауылдық жерлерде бой көтеруде. Мысалы, 2024 жылы пайдалануға берілген 90 спорт нысанының 61-і ауылдық, 29-ы қалалық жерлерде салынса, 2025 жылы пайдалануға берілген 147 спорт нысанының 107-сі ауылдық, 40-ы қалалық жерлерде іске қосылған.

Былтыр Ақмола облысының Зеренді ауданында 6 мың шаршы метрден асатын спорт кешені, Павлодар облысының Баянауыл ауданында көпсалалы спорт кешені, Қызылорда қаласында халықаралық стандарттарға сай жаңа стадион және тағы бірнеше спорт ғимараты ел игілігіне берілді.

Биыл тағы 121 нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Спорт нысандарын жаңғырту және жаңадан салу жұмыстары республикалық, жергілікті бюджет, мемлекеттік-жеке әріптестік және бюджеттен тыс қаражат есебінен жүргізіледі.

Сонымен қатар 2026-2028 жылдарға арналған жол картасы аясында бюджеттен тыс қаражат есебінен 86 ірі жоба жүзеге асырылмақ.

Социальные сети
Telegram
Youtube
Facebook
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Өмірлік жағдайлар
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері