
Жамбыл облысында 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларының қорытындысы бойынша еңбек саласының ахуалы
Жамбыл облысында еңбек саласындағы жағдай тұрақты. Еңбек қатынастары бойынша шиеленістер мен ұжымдық наразылықтар тіркелмеген.
2026 жылдың басынан жоғары тәуекел деңгейіндегі кәсіпорындар саны 60-тан 50-ге дейін азайып, 16,7%-ға төмендеді. Осылайша, белгіленген 6% жоспар артығымен орындалды. Қазіргі таңда тәуекел аймағындағы кәсіпорындарға қатысты әлеуметтік аударымдар, сақтандыру шарттары және жалақы деңгейі бойынша тиісті бақылау және ықпал ету шаралары жүргізілуде.
Жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру деңгейі 87,4%-ды құрады (2 893 кәсіпорын). Бұл өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда өсімді көрсетеді.
2025 жылы жүргізілген тексерулер нәтижесінде 346,4 млн теңге жалақы берешегі анықталып, оның 252,2 млн теңгесі өтелді. Қазіргі уақытта 3 кәсіпорында 94 млн теңге берешек бақылауда тұр, өтеу бойынша нақты шаралар қабылдануда.
2026 жылдың алғашқы екі айында өндірісте 7 жазатайым оқиға тіркелді. Барлық жағдайлар бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізіліп, кінәлі тұлғаларға қатысты шаралар қабылдануда. Өндірістік жарақаттанудың алдын алу мақсатында 31 кәсіпорында «Vision Zero», 15 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобалары енгізілген.
Электрондық еңбек шарттарын есепке алу жүйесі бойынша 145 709 жалдамалы жұмыскердің 92%-ы тіркелген. Шетелдік жұмыс күші бойынша құжаттары толық қызметкерлер 100% жүйеге енгізілген.
Инвестициялық жобалар аясында 2025 жылы 21 жоба іске асырылып, 550 жаңа жұмыс орны құрылды. Жоспар 100% орындалды.
2026 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 29 тексеру жүргізіп, 40 заң бұзушылықты анықтады. 335 арыз-шағым қаралды.
Жамбыл облысында еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттануды азайту және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.