
Ақпараттық түсіндіру жұмыстары
Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының «Жамбыл аудандық орталық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында мемлекеттік еңбек инспекторлары Ж.Бекмұрзаев пен Н.Досмахановтың қатысуымен бақылау және қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында еңбек заңнамасының талаптары түсіндіріліп, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау, еңбек қатынастарын заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, еңбек ұжымында қауіпсіз әрі қолайлы психологиялық орта қалыптастырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Кездесу аясында жұмыскерлерге сталкинг (қудалау) фактілерінің алдын алу және оған қарсы әрекет ету тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сталкинг – адамның еркінен тыс қайталанатын қоңыраулар шалу, хабарламалар жіберу, аңду, байланыс орнатуға талпыныстар жасау, әлеуметтік желілер арқылы бақылау жүргізу және өзге де қудалау әрекеттері арқылы психологиялық зиян келтіру және қауіп төндіру болып табылады.
Қызметкерлерге қауіпсіздік жоспарын құру, жеке деректерді қорғау, қудалау фактілерін тіркеу және дәлелдемелерді сақтау тәртібі түсіндірілді. Сондай-ақ, мұндай жағдай орын алған кезде 102 нөмірі арқылы полиция органдарына жүгіну қажеттігі және өтініш беру тәртібі туралы ақпарат берілді.
Еске саламыз, сталкинг үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 115-1-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген. Әрбір азаматтың жеке өмірге қол сұғылмаушылық және қауіпсіздік құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдендірілген.
Еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.