
Астана қаласының Еңбек инспекциясы департаменті Қазақстан Республикасының «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заңына сәйкес жұмыс берушілерге қызметкерлерді міндетті сақтандыру шарттарын жасасу міндеті жүктелгенін еске салады. Аталған норма Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 15) тармақшасында да бекітілген.
Сонымен қатар, міндетті сақтандыру шартын жасаспау Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабы 2-тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға – он, лауазымды тұлғаларға, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жүз алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Осыған байланысты, еңбек заңнамасын сақтау және қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында жұмыс берушілерге міндетті сақтандыру шарттарын уақытылы жасасу қажет. Бұл әкімшілік жауапкершіліктің алдын алып қана қоймай, қызметкерлерге әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етеді.