Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сербия Республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмасына сәйкес және Қазақстан Республикасының Сербия Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Сербия Республикасының Құрылыс, көлік және инфрақұрылым министрі Александра Софрониевич ханымның арасында екі ел астаналары арасында әуе қатынасын ашу мәселесі бойынша келіссөздер өтті. Сонымен қатар, Сербия Республикасының Туризм және жастар істері жөніндегі министрінің орынбасары В. Ракич ханыммен кездесу өтті.
Келіссөздерге Қазақстан тарапынан «SCAT» әуе компаниясының басшылығы мен туристік компаниялардың өкілдері қатысты. Кездесу барысында тараптар ағымдағы жылдың соңына дейін Астана мен Белград (Сербия Республикасы) арасында әуе қатынасын, соның ішінде «әуе еркіндігі» бесінші дәрежесін пайдалану арқылы ашу мәселесін талқылады.