Қазақстан мен Қытай арасында көлік саласындағы ынтымақтастық артып келеді. Мәселен, 2025 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ҚХР-мен экспорттық-импорттық автотасымалдау көлемі 82%-ға артып, 822 мың тонна жүк тасымалданды. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысына сәйкес ҚХР-мен теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемі 13%-ға артып, 11.4 млн тонна жүкті құрады.
Бүгін Астанада алғашқы Қазақстан-Қытай көлік форумы аясында екі мемлекеттің салалық ведомство басшылары Марат Қарабаев пен Лю Вэй кездесті. Тараптар бірқатар өзекті мәселені талқылап, уағдаластықтарға қол жеткізді.
Мәселен, көлік ведомстволарының басшылары Ертіс трансшекаралық өзенін пайдалана отырып, “Ресей – Қазақстан – Қытай” мультимодальды транзиттік дәлізін құруды және трансшекаралық Іле өзені арқылы Қонаев қаласынан (ҚР) Инин қаласына (ҚХР) дейін өзен бағытын құруды талқылады.
Сонымен қатар, тараптар «Майқапшағай-Зимұнай» өткізу бекетінде ауыр жүк көліктері өтетін жаңа шекара көпірін салып, 3-ші әуе дәлізін ашуды жоспарлап отыр.
Күн тәртібінде Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарын Қытайдың көршілес аймақтарымен байланыстыратын екі жаңа автомобиль өткізу бекетін ашу мәселесі де қаралды.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Ақтау портында қытайлық компаниямен бірлесе контейнерлік хаб құрылысы жалғасып жатыр. Бұл порттың өткізу қабілетін 140 мың ЖФЭ-ден 240 мың ЖФЭ-ге дейін арттырады. Жоба биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазақстандық порттарды одан әрі дамыту мақсатымен биыл мамандар Ақтау порты акваториясын тереңдету жұмыстарын жүргізеді. Теміржол саласына келетін болсақ жыл соңына дейін «Достық-Мойынты» және Алматы стансасының айналма теміржолының құрылысын аяқталады деп жоспарлануда. Бұл теміржолдардың өткізу қабілетін арттырып, Азия мен Еуропа арасындағы жүктерді жеткізу мерзімін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тараптар "Алматы-Сиань" бағыты бойынша жолаушылар пойызын іске қосуды, екі ел арасындағы әуе рейстері санын аптасына 65-ке дейін арттыруды көздеп отыр.