2025 жылы өңірде бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 109 шақырым болатын “Күрті – Қонаев” және “Ұзынағаш – Отар” автожолдарының реконструкциясы жалғасуда.
Бұл туралы Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиевтің Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында мәлім болды. Сапар аясында ол республикалық маңызы бар автожолдардағы құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысын тексеріп, көшпелі кеңес өткізді. Қазіргі таңда Алматы облысында республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 1,8 мың шақырымды құрайды.
Сонымен қатар, биыл республикалық маңызы бар 247 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары Құлжа трактісі бойында, Ават пен Бәйтерек елді мекендерінің арасында (“Алматы – Қоқтал – Қорғас”, 14–43 км) қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ, “Көктал – Қорғас” бағыты бойынша Шонжы ауылынан Жетісу облысының шекарасына дейінгі (230–272 км), “Кеген – Нарынқол” бағытында Кеген ауылынан Текес ауылына дейінгі (0–72 км), сондай-ақ “Көкпек – Кеген – ҚР шекарасы” автожолының екі учаскесінде жалпы ұзындығы 35 шақырым болатын жұмыстарға қажетті техника мен мамандар жұмылдырылуда.
Бұдан бөлек, облыста тағы 160 шақырым автожолға орташа жөндеу жүргізу көзделген. Бұл ретте Құлжа трактісі, көпірлерді жөндеу, сондай-ақ “Алматы – Талдықорған” автожолының жекелеген учаскелерін қалпына келтіру жұмыстары қамтылады.
Ал “Алматы – Бішкек” автожолының 24 шақырымдық бөлігінде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Мұнда 54 бұрғыланған қаданың орнатылуы аяқталды.
Сонымен қатар, “Алматы – Бішкек” (19–27 км) және “Алматы – Талғар – Бәйдібек би” (13–21 км) учаскелерінде күрделі жөндеу үшін қажетті барлық зерттеу жұмыстары толық аяқталды. Бұған қоса, “Алматы – Өскемен” автожолының 43-ші шақырымында жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір салу үшін де дайындық жұмыстары тәмамдалды.