Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Жетісу облысына іссапары аясында республикалық маңызы бар «Сарыөзек – Көктал» күре жолында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жолдың жалпы ұзындығы – 178 шақырым.
Қазіргі уақытта бұл жолдың Сарыөзек ауылынан Тастыбастау ауылына дейін аралығы (45 шақырым) мен Айнабұлақ ауылынан Көктал ауылына дейінгі (67 шақырым) жол учаскесі орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды.Тасжолдың бойында Көнбе өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы жалғасып жатыр.
«Сарыөзек – Көктал» тасжолы — Қытай Халық Республикасымен шекарадағы «Қорғас» өткізу пунктіне шығуды қамтамасыз ететін маңызды бағыт.
Сонымен қатар іссапар шеңберінде өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардағы күрделі және орташа жөндеу жобаларын жүзеге асырып жатқан мердігер ұйымдар мен техникалық қадағалау қызметтерінің қатысуымен кеңес өтті. Кеңес барысында жобалардың уақытылы аяқталуы, құрылыс материалдармен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ жұмыстардың мерзімдері мен сапа талаптарына сәйкес жүргізілуі сияқты маңызды мәселелер талқыланды.