Өткен аптада Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының көлік-логистикалық инфрақұрылымының даму барысымен танысып, сала әлеуетін арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Бүгін Ақтау қаласында Ақылбек Күрішбаевтың төрағалығымен «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбында ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көліктік логистиканы ғылыми сүйемелдеу және ел экономикасының дамуындағы өңірлік ғылымның рөлі мәселелеріне арналған кезекті көшпелі отырысы өтті.
Аталған іс-шара аясында көлік министрі Марат Қарабаев өңірде жүзеге асып жатқан ірі көлік-логистикалық жобалар, сондай-ақ автожол саласындағы ғылыми жобалар туралы айтып берді.
1. Теңіз инфрақұрылымын дамыту: өткен жылы мамандар Құрық портының акваториясын тереңдету жұмыстарын жүргізіп, акватория тереңдігін 7,5 метрге дейін жеткізді (бұрын 5,8 метр болған). Осы жылдың мамыр айында Ақтау портында да дәл осындай жұмыстар басталады. Құрық портында екі құрғақ жүк және астық терминалы салынды. Биыл мұнай құю терминалының құрылысы басталып, келешекте «жасыл сутегі» терминалының құрылысы жоспарлануда. Ал Ақтау портында қытайлық компаниямен бірлесіп контейнерлік хаб құрылысы жүзеге асырылуда. Бұл порттың өткізу қабілетін 140 мың ЖФЭ-ден 240 мың ЖФЭ-ге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сауда флотының саны 2027 жылға дейін екі есе, 17-ден 34-ке дейін арттыру көзделіп отыр.
2. Теміржол инфрақұрылымы: Маңғыстау облысында үш теміржол вокзалы салынады. Олардың қатарында Маңғыстау, Шетпе және Бейнеу вокзалдары бар.Сонымен қатар биыл мамандар 404 шақырымдық Бейнеу-Маңғыстау теміржолын жаңартады. Пойыз қозғаласын реттейтін жүйе (автоблокировка) Шалқар-Бейнеу және Маңғыстау-Өзен теміржолдарында орнатылады.
3. Автожол саласы: елдің шығысы мен батысы, солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы көлік дәліздерінің тиімді желісін қалыптастыру шеңберінде «Орталық — Батыс» (865 км) және «Бейнеу – Сексеуіл» (736 км)ауқымды жобалары жоспарланған. Аталған жобалар қашықтықты қысқартуға және негізгі бағыттар бойынша логистиканы жақсартуға бағытталған. Астана қаласынан Ақтауға дейінгі 2 900 шақырым жол 2 100 шақырымға дейін, ал Қорғас пен Ақтау арасындағы жол 900 шақырымға қысқарады (яғни 3 900 шақырымнан 3 000 шақырымға дейін). Бұл көлік шығындарын азайтуға және транзиттік және экспорттық тауарларды жеткізуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, облыста Ақтау – Форт-Шевченко, Таушық – Шетпе, Құрық – Жетібай автожолдарының (224 шақырым) күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған.
4. Авиация: Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Кендірлі курорттық аймағында жаңа әуежай салынып жатыр. Жоба аясында 2200 метр ұшу-қону жолағын салу қарастырылған. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 150 жолаушыны құрайды. Сондай-ақ биыл Ақтау әуежайының ұшу-қону жолағының жөндеу жұмыстары аяқталады. Бұл ішкі және халықаралық рейстер санын көбейтуге септігін тигізеді.
Сонымен қатар министр автожол саласындағы ғылыми жетістіктер туралы да айтты. Атап айтқанда, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген QSmart жобасы туралы сөз қозғады.
"ҚазжолҒЗИ" АҚ автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау үшін заманауи технологиялар мен материалдарды әзірлеумен айналысады. Институттың негізгі бағыттарының бірі QSmart атты инновациялық материалдар мен технологиялар желісі. Бұл — озық әзірлеме сериясы", - деп атап өтті Қарабаев.