Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Ақтөбе өңірінің тұрғындарымен кездесті

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Ақтөбе өңірінің тұрғындарымен кездесті

Ақтөбе облысына іссапары аясында Сәтжан Аблалиев жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Тұрғындармен кездесуде көлік вице-министрі көлік және логистика, жол құрылысы, азаматтық авиация және т.б. сияқты министрліктің құзыретіне кіретін салалар бойынша азаматтардың сұрақтарына жауап берді.

Сәтжан Аблалиев жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жоспарлармен бөлісті. Биылғы жол құрылысы маусымы аясында 2,2 мың шақырым жолда құрылыс және қайта жаңарту (реконструкция) жұмыстары қарастырылған.

Жалпы Ақтөбе облысы бойынша 832 шақырым жол жөндеу және құрылыс жұмыстарымен қамтылмақ. Атап айтқанда, «Ақтөбе – Ұлғайсын» бағыты бойынша қайта жаңарту жұмыстары жалғасады.

Сонымен қатар өңірдегі жолдардың жағдайын жақсарту мақсатында биыл «Қандыағаш – Шалқар», «Ақтөбе – Орск», «Ақтөбе – Орынбор», «Қарабұтақ – Қостанай» және басқа да республикалық маңызы бар жолдарға орташа жөндеу  жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Ақтөбе әуежайы жүк хабы ретінде даму үстінде.

2024 жылы 143 жаңа жолаушылар вагоны сатып алынған болатын, ал биыл бұл көрсеткіш 226 бірлікке дейін артады. Жаңарту бойынша жұмыстар Ақтөбе арқылы өтетін бағыттарды да қамтымақ, соның ішінде «Алматы – Саратов» бағытына отандық өндірістегі жаңа вагондар қосылады. Сондай-ақ биыл Ақтөбе облысындағы жеті теміржол вокзалы, атап айтқанда, Ақтөбе, Қандыағаш, Шалқар, Жем, Қарауылкелді, Алға және Шұбарқұдықтағы нысандарын жаңғырту жұмыстары басталады.

Биыл 95 жаңа автобус сатып алу және қаланы Ресеймен байланыстыратын халықаралық бағыттарды дамыту жоспарланған.

Кездесу барысында тұрғындар «Қандыағаш – Шалқар» жолының жөнделуі, жол инфрақұрылымын жобалау кезінде киіктердің көші-қонын ескеру, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы вагондар санын арттыру, сондай-ақ авиацияны дамыту мәселелерін көтерді.

Халықпен кездесуден кейін Сәтжан Аблалиев азаматтарды жеке қабылдап, қойылған барлық сұрақтар бойынша толыққанды жауаптар мен түсіндірулер берді.