Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында Талғат Ластаев өңір тұрғындарымен кездесу өткізді.
Тұрғындармен кездесуде көлік вице-министрі азаматтардың автомобиль жолдарын салу, теміржол тасымалы, азаматтық авиация және көлік инфрақұрылымының басқа да бағыттары бойынша сұрақтарына жауап берді.
Халықпен кездесу барысында Талғат Ластаев жол инфрақұрылымын дамыту аясында 2025 жылы Ұлытау облысында бірқатар ірі жобалар жоспарланып отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, «Қызылорда – Жезқазған» автожолының 208 шақырымдық учаскесін қайта жаңарту жұмыстары. Оның ішінде жолды III техникалық санаттан II техникалық санатқа көшіру жұмыстары басталады. Бұл жол жүру уақытын 4 сағаттан 2 сағатқа дейін қысқартады.
Сонымен қатар, «Қарағанды-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту жұмыстары басталып, «Жезқазған-Петропавл» жолын орташа жөндеу жұмыстары жалғасады. 2025 жылдың соңына дейін Ұлытау облысындағы жергілікті жолдарда 3 бірлік автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жоспарлануда.
Сондай-ақ, қолданыстағы терминал ғимаратын қайта жаңарту және сағатына 300 адамды қабылдайтын жаңа терминал салу жобасы әзірленуде және Жезқазған, Жаңаарқа, Қаражал, Қызылжар станцияларының теміржол вокзалдарын жөндеу жоспарлануда.
Бұл бастамалардың барлығы өңірдің көліктік-логистикалық жағдайын жақсартуға және көлік инфрақұрылымының сапасын арттыруға бағытталған.
Кездесу барысында жергілікті тұрғындар «Жезқазған-Ақтау», «Жезқазған-Алматы» әуе рейстерінің ашылуы, «Жезқазған-Астана» әуе рейстері санын ұлғайту, «Жезқазған-Астана» вагондарын жаңарту, «Жезқазған-Алматы» жолаушылар поездының қозғалыс кестесіне өзгерістер енгізу мәселелерін көтерді. Сондай-ақ Сәтбаев қаласының айналма жолын салу, Шұбаркөл кенті арқылы өтетін «Ұлытау-Астана» автомобиль жолын салу, Ұлытау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының қызметіне және жүк автомобильдеріне арналған автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату және Жезқазған қаласында сауда-логистикалық хаб құру бойынша мәселелерді көтерді.
Барлық өтініш білдірушілерге толық жауаптар, түсініктемелер мен ұсыныстар берілді.