Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Бейжіңде өтетін Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің 12-отырысы қарсаңында 16-17 наурыз күндері Көлік министрі Марат Қарабаев Қытайдың жетекші компанияларымен бірқатар келіссөз жүргізді.
1.Авиация саласындағы ынтымақтастық мәселелері, атап айтсақ, «CAMC Engineering» компаниясының президенті Ли Хайсинмен Қытайдан Орталық Азия мен Еуропа елдеріне жүк транзитін қамтамасыз ететін әуехаб құру мәселесі талқыланды. Тараптар бұл бастаманы ведомствоаралық деңгейде одан әрі пысықтауға келісті.
2.Тачэн округі партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэймен кездесуде шекара инфрақұрылымын тексеріп, оның өткізу әлеуетін арттыруға бағытталған бірлескен қадамдар жасауға келісті. Сондай-ақ, Қытай тарапы аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
3.«Chinacai Finance Investment Co., Ltd.» компаниясының басқарушы серіктесі Линь Цзяньцзюньмен бірге құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын инвестиция тарту арқылы технологиялық және логистикалық парк салу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ, тараптар Бақты шекара бекетінде заманауи уақытша сақтау қоймасын ашуға ортақ қызығушылық танытты.
4.Қазақстанда арнайы техника өндірісін жергілікті деңгейде дамыту мәселесі бойынша XCMG компаниясының вице-президенті Лю Цзяньсэнмен келіссөз жүргізілді. Тараптар еліміздегі жол-құрылыс техникасына деген сұраныстың артуына байланысты бірлескен өндіріс құру мәселесін қарастырып, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті.
5.China Henan Aviation компаниясының бас директорының орынбасары Цяо Чангенмен Түркістан қаласының әуежайын дамыту жобасын бірге іске асыру жайы талқыланды. Жобаға Түркістан облысы әкімдігі де қатысады.
6.China Silk Road Fund қорының бас директоры Цай Сюэсюньмен өткен кездесуде Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасына шетелдік инвестиция тарту мәселесі талқыланды. Инвесторлардың қызығушылығы автожолдарды қайта жаңарту, теміржол желілерін кеңейту, порт инфрақұрылымын дамыту және басқа да стратегиялық жобаларға бағытталмақ. Қаржы институты өңірлік және халықаралық сауданы ілгерілетуге арналған жобаларға қаржы құюға дайын екенін білдірді.
7.«SP Qingdao Port Group» директорлар кеңесінің мүшесі Чжан Баохуамен өткен кездесуде Қазақстандық порттарды одан әрі дамыту мәселесі талқыланды. Тараптар порттардың инфрақұрылымын жаңғырту, өткізу қабілетін арттыру және көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жайын сөз етті. Сондай-ақ, порттарды дамытуға заманауи технологияларды енгізу және логистикалық процестерді тиімді ұйымдастыру арқылы олардың жұмысын жақсарту мәселелерін қарады.
8.China Communications Construction Company төрағасы Ван Тунчжоумен келіссөздер барысында Қазақстанда теміржолдар салу және порт инфрақұрылымын дамыту мәселелері қарастырылды.