
ҚР Көлік министрлігінде Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру департаментінің (бұдан әрі - Департамент)директоры Н.С. Малаевтың төрағалығымен әуе, теміржол және су көлігіндегі оқиғаларға тергеп-тексеру жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылы мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңеске Бас көлік прокуратурасының, Ішкі істер министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысты.
Кеңесте тергеп-тексеру жүргізу кезінде олардың рөлі мен іс-қимылын айқындау мақсатында әрбір мемлекеттік органның жұмыс бағытын айқындауға байланысты мәселелерге ерекше назар аударылды. Тараптар себептерді анықтау үшін көліктегі оқиғаны тергеп-тексеру кезінде жедел ден қоюдың, жан-жақты көмек көрсетудің және бейтараптылықтың маңыздылығын атап өтті.
Көліктегі оқиғаға тергеп-тексеру жүргізу мәселелерінде мемлекеттік органдардың тығыз өзара іс-қимылын арттыру шеңберінде тараптар халықаралық стандарттарға сәйкес заңнамаға өзгерістер енгізу, мемлекеттік органдар арасындағы келісімге қол қою, бірлескен технологияларды әзірлеу, сондай-ақ бірлескен оқу-жаттығулар өткізу жөніндегі жұмысты көздейтін одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді. Департамент әуе, теміржол және су көлігіндегі оқиғаларды тергеп-тексерудің жалғыз мақсаты оқиғаның себептерін және (немесе) ілеспе факторларды анықтау, сондай-ақ болашақта көліктегі оқиғалардың алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар әзірлеу болып табылатынын атап өтеді.