Халықпен кездесу және азаматтарды жеке қабылдау: Көлік министрі Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті

Халықпен кездесу және азаматтарды жеке қабылдау: Көлік министрі Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті

Бүгін ҚР Көлік министрі Түркістан облысының тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады. Жиын барысында Марат Қарабаев өткен жылы халықпен кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысы туралы ақпарат бөлісті.

Мәселен, «Түркістан-Сарыағаш» бағытындағы теміржол қатынасы қалпына келтірілді. Жалпы ұзындығы 64 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар «Шәуілдір-Түркістан» тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда, оның 32 шақырымында жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ, Түркістан (30 шақырым) және Сарыағаш (160 шақырым) қалаларының айналма жолдарын салуға тиісті ведомство тарапынан қаражат қарастырылған. Жұмыс 2025 жылы басталады. Қаражат бөлінді, конкурстық рәсімдер жүргізілуде.

Сондай-ақ, министрдің ұсынысына сәйкес Түркістан облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Осылайша, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақы 15 пайызға өсті. Қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту жұмыстары жалғасуда.

Бүгінгі кездесу барысында өңір тұрғындары Астана және Алматы қалаларына әуе рейстерінің санын ұлғайту, сондай-ақ «Түркістан-Қарағанды» бағыты бойынша әуе рейстерін ашуды, «Түркістан-Самарқанд» халықаралық әуе рейсін қалпына келтіру және «Түркістан-Шымкент» теміржол қатынасын Ленгір станциясына дейін ұзарту мәселесін көтерді. Министрлік бұл ұсыныстарды құзырлы мемлекеттік органдармен және әуе компанияларымен бірлесіп жедел қарастырып, қажетті жұмыстар жүргізеді.

Марат Қарабаев облыс халқымен кездесуден кейін өңір азаматтарын жеке қабылдады. Сұрақтар ұзындығы 55 шақырым болатын «Түркістан-Ащысай» тас жолын жөндеу және Ханқорған ауылдық округіндегі жергілікті маңызы бар жолды жөндеуге қатысты болды. Барлық өтініштер бақылауға алынып, министрліктің жауапты қызметкерлеріне тиісті тапсырмалар берілді.