Шағын көлемді кемелердегі бұзушылықтардың қатарында кемелерді жеке құтқару құралдарынсыз пайдалану, кемеден қоқыс тастау және кемені басқаруға құқығы жоқ жеке тұлғалардың шағын көлемді кемені басқаруы сияқты бұзушылықтар бар
Бұл туралы Үкімет отырысы барысында көлік саласына жауапты ведомствоның басшысы Марат Қарабаев айтып берді. Оның айтуынша, еліміз бойынша барлығы 5 мыңнан астам өзен, көл және өзге де су айдындары бар.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда шағын флотта 19 мыңнан астам кеме тіркелген. 2020-2023 жылдар аралығында отандық өндірістегі 11 қызметтік шағын көлемді кеме сатып алынды, оның ішінде өткен жылы 4 бірлікпен қамтылды», – деді министр.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес көліктік бақылау барысында ұсталған шағын көлемді кемелерді сақтау жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылатын арнайы алаңдарда немесе тұрақтарда жүзеге асырылуы тиіс.
Осыған байланысты бейінді министрлік әкімдіктерге қолданыстағы демалыс аймақтары базасында тікелей су айдындарының жағасында арнайы алаңдар немесе тұрақтар құру мәселесін шешуді ұсынады. Осы мақсатта заң жобасы шеңберінде заңнамаға тиісті түзетулер де дайындалған.
Айта кетерлігі, шағын көлемді кемелердің ең көп бөлігі Атырау, Шығыс Қазақстан, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында және Алматы қаласында тіркелген.