ҚР Көлік министрлігінің басшысы Марат Қарабаев Брюссель қаласында Бельгия премьер-министрінің орынбасары Жорж Гилькинемен кездесті. Кездесу барысында Еуропа мен Қазақстан арасындағы көлік дәліздерін кеңейту, сондай-ақ екі елдің көлік саласындағы ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастығын дамыту және нығайту мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, Марат Қарабаев Қазақстан мен Бельгияның жүк тасымалдаушылары арасында байланыс орнатуды ұсынып, еуропалық компанияларды Ақтау және Құрық порттары базасында халықаралық порт-логистикалық кластер құруға қатысуға шақырды және орта дәліздің әлеуетін одан әрі дамытуға халықаралық компаниялардың белсенді қатысуы мен тартылуын құптады.
Аталған халықаралық порт-логистикалық кластерін одан әрі дамыту мақсатында ҚР Көлік министрлігінің басшысы Еуроодақпен келісімдерге қол қоюды ұсынды. Аталған құжаттар Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша тасымалдарды субсидиялау мүмкіндігін қарауды және инфрақұрылым мен терминалдық желіні дамытуды көздейтін болады.
Өз кезегінде Ж.Гилькине New Silkway форумына қатысуға шақыруды қабылдап, азаматтық авиация, Транскаспий халықаралық көлік маршруты және автомобиль көлігі салаларында өзара тиімді ұсыныстарды айтты.
Кездесу соңында тараптар іскерлік әңгіме үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен бірге Global Getaway форумы аясында Қазақстан экономикасын дамыту банкі мен Еуропалық инвестиция банкі арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат елдің көлік әлеуетін дамыту үшін инвестициялар тартуға мүмкіндік бермек.
Бұл күні Еуропа мен Орталық Азия арасындағы тұрақты көлік байланыстары турасында Қазақстанның көлік секторын дамыту үшін ұсынылатын қаражатқа қатысты Еуропалық инвестициялық банкпен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.
Естеріңізге сала кетейік, Еуразияның негізгі көлік жобасы халықаралық қаржы ұйымдарының ережелері бойынша Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомобиль маршрутын салу болды. Жоба аясында Қазақстан аумағы бойынша 3 мың шақырым автожол салынды. Олардың басым бөлігі соңғы жылдары ерекше өзектілікке ие болып отырған Транскаспий көлік бағытына кірістірілген.
Қазіргі уақытта Қазақстанда перспективалы тағы 14 автожол жобасын іске асыру жоспарланған. Оларға қатысу үшін еуропалық инвесторлар шақырылды.