
Аталған кездесу Көлік министрі Марат Қарабаевтың еліміздің оңтүстік астанасына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша ұйымдастырылған болатын
Алматыда өткен кездесуге жол-көлік саласының ірі компаниялары және Азаматтық авиация академиясының, АЛиТ, AlmaU, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің, Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институты, ҚБТУ жанындағы Қазақстан Теңіз академиясы, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті мен халықаралық көлік-гуманитарлық университетінің студенттері қатысты.
Жол-көлік саласының ірі компаниялары қатарында «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі», «Қазаэронавигация», Qazaq Air оқу орталығының, Ақтөбе, Алматы, Астана, Қызылорда, Семей және Шымкент әуежайларының, Air Astana, SCAT және «Оңтүстік аспан» авиакомпанияларының, №405 авиажөндеу зауытының, «Ақтау теңіз сауда портының» басшылары мен HR-мамандары, «ҚТЖ», «ҚазАвтоЖол», «ҚазжолҒЗИ», «Сине Мидас строй», «Атырауинжстрой», Жол активтері сапасының ұлттық орталығы, Қазақстандық вагон тасымалдаушылар мен операторлар қауымдастығы, ҚР экспедиторлар қауымдастығы, ҚР автокөлік Одағының өкілдері болды.
Көзделген негізгі мақсат – сала мамандарына қазіргі жастардың әлеуетін көрсету және білікті кадрлар тапшылығы мен ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру мәселелерін шешуге көмектесу. Ал ұзақ мерзімді перспективада мемлекеттің, бизнес-құрылымдардың және салалық жоғары оқу орындарының тиімді ынтымақтастығы арқылы ведомство Қазақстанның экономикалық дамуына ықпал ететін тұрақты көліктік-логистикалық жүйені құруға ұмтылады.
«Біз көлік саласының кадрлық әлеуетін дамытудың маңызды аспектілерін талқылау үшін жиналдық. Басты мәселе — саладағы мамандарға деген сұраныс. Технологияның қарқынды дамуы және серпінді нарықтық жағдайлар жаңа сын-қатерлерге бейімделе алатын білікті кадрларға деген қажеттілікті тудырады», деді көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Көлік министрлігінің өкілі бүкіл әлемдегі оқу орындары мен бизнес арасындағы ынтымақтастық мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін жаңа технологиялар мен әдістерді әзірлеуге ықпал ететінін атап өтті. Көбінесе бұл инновациялық идеялардың катализаторына айналатын студенттік жобалар. Сондықтан, оны одан әрі дамыту үшін компаниялар қабілетті студенттерді қолдауға көбірек көңіл бөлуі керек.
Кездесу барысында студенттер компанияларға өз идеялары мен әзірлемелерін таныстырды. Сонымен қатар мемлекеттің көлік саясатын іске асыру мәселелері бойынша пікірталастар өтті. Айта кетерлігі, мұндай іс-шара алғаш рет ұйымдастырылған болатын және нақты нәтижелерге қол жеткізілген жағдайда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұруы мүмкін.