
Импорттық тауарларды бажсыз сақтау және қайта сұрыптау үшін арнайы алаңдар құру идеясы ірі маркетплейстер үшін қызықты болуы мүмкін
Алдағы бірнеше жылда жүк автотасымалдарының жыл сайынғы өсімі сақталады, ал Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік жүктердің көлемі 2029 жылға қарай 5 есеге, яғни 1 млн тоннаға дейін өседі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев мәлімдеді.
Көлемдердің өсуіне биыл Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режимді енгізу, сондай-ақ екі елдің аумақтары бойынша өзара транзиттік жол жүруге мүмкіндік беретін жаңа келісімге қол қою ықпал етті. Сонымен қатар көрші мемлекет TIR Carnet-тің еуропалық жеңілдетілген шекарадан өту жүйесінің қатысушысы болды.
«Жыл сайын ҚХР-дан Еуропаға теңіз жолымен 1,6 млрд тоннаға дейін жүк тасымалданады. Осы көлемнің 1,5 млн тоннасы немесе 0,01%-ы біздің еліміз арқылы автокөлікпен тасымалданады. Сонымен қатар әлемдік тәжірибеде медициналық, қымбат және шұғыл жүктер автомобильдермен тасымалданады. Сондықтан біз транзиттік тасымалдардың өсімі бойынша үлкен әлеуеттікөріп отырмыз. Осы жылдың 9 айында Қытайдан әкелінген транзиттік жүктердің көлемі 2 есеге өсті. Қытай транзитінің 3 есе өсуі Қазақстан экономикасына жылына шамамен 263 млрд теңге түсуді қамтамасыз ете алады», - деп атап өтті баяндамашы.
Жүктерді теңізден автомобиль көлігіне қайта бағдарлау және отандық операторлардың тасымалдарға қатысу үлесін ұлғайту мақсатында бонд қоймаларын құру, өткізу пункттері мен отандық автопарктің өткізу қабілетін кеңейту, сондай-ақ рұқсат бланкілерін бөлудің тиімді жүйесін енгізу жоспарлануда.
«Бонд қоймалары қоймалардың басқа түрлеріне қарағанда бірқатар артықшылыққа ие. Осы алаңдарда импорттық тауарды кедендік рәсімдерден өтпей және оларды қайта сұрыптау үшін салық төлемей шексіз уақыт сақтауға болады. Алаңның өзін Озон және Вайлдберриз сияқты маркетплейстердің қызығушылығы бар елдің ірі қалаларында орналастыру ұсынылады», - деп атап өтті С.Аблалиев.
Вице-министрдің хабарлауынша, бонд қоймаларын дамыту үшін олардың қызметін заңнамалық деңгейде нақты реттеу қажет. Бұл жұмысты ведомство басшылығы тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізетін болады.