Марат Қарабаев батысқазақстандықтармен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады

Марат Қарабаев батысқазақстандықтармен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарында жергілікті халықпен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Тарихы терең Ақжайық өңірінің тұрғындарымен кездесуде ведомство басшысы министрліктің құзырына кіретін басым салалар бойынша, оның ішінде Батыс Қазақстанға қатысты қойылған сұрақтарға барынша ашық жауап берді. Осы орайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жол және тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылым, көлік-логистикасы, жер қойнауын игеру, өнеркәсіп өндірісі, көлік қатынасы сынды еліміздің экономикасындағы жүйе құраушы салалар қарайтынын айта кетейік.

Еркін форматта өткізілген кездесуде бірқатар өзекті мәселе айтылды. Мәселен, «Кублей» компаниясының өкілі  2020 жылы зауыт жанынан бірнеше тұрғын үйдің құрылысы басталып, қазір оның бірі пайдалануға берілгенін жеткізді. Алайда салынған баспана кәсіпорынның санитарлық қорғау аймағына еніп отыр. Демек тұрғын үй кешені құжат жүзінде заңдастырылған жағдайда онда санитарлық қорғау аймағының өлшеміне сәйкес 100 метрден жақын зауыт жабылуға тиіс. «Ал мұның салдарынан кәсіпорын қызметкерлері жұмыссыз қалып, таяу маңдағы шаруалар табыс көзінен қағылады», деп алаңдаулы компанияның өкілі. Осыған байланысты «Кублей» ЖШС жұмыс тобын құрып, министрліктен мәселенің түйінін тарқатуға қолғабыс етуді сұрап отыр.

«Мұндай проблема Алматы қаласы мен еліміздің өзге де өңірлерінде бар. Әлбетте, «бұған жергілікті атқарушы органдар кінәлі» деп айып тағу оңай. Бірақ бұл мәселені шешуге септеспейді. Кезінде мемлекет бизнеске кедергі жасамау үшін біршама артықшылық берді. Көптеген рұқсат құжаты алынып тасталды. Бұл кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін қолға алынған амал болатын. Осы арқылы бизнес субъектілері өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайды деген сенім болды. Қазір құрылыс жүргізуге рұқсат қажет жоқ. Тек кәсіпкер құрылысты бастайтыны жөнінде алдын ала ескертеді. Бұл ретте мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларының тексеру жұмыстарын жүргізуге құқықтары шектеліп қалғанын ескеру қажет. Енді осы құзыреттің барлығы қайтадан жанданады. Бұдан былай 5 қабатты ғимараттардан бастап, 600 орынға шақталған мектептің құрылысына дейін мемлекеттік сараптамадан өткізілетін болады. Мұның бәрі халықтың қауіпсіздігі үшін қолға алынған амал. Бұған қоса мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларының қызметіне байланысты «Шұғыл іс-әрекет ету шаралары» ұғымын еңгізіп отырмыз. Бұл жоғарыда айтылғандай мәселелерді болдырмау үшін қажет», деген Марат Кәрімжанұлы осы мәселеге байланысты жұмыс тобын құру бойынша бастаманы қолдайтынын жеткізді.

Ал облыстық қоғамдық кеңестің өкілдері өңірдегі автожолдардың жөнделуіне байланысты сауалдарын жолдады. Оның ішінде Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарындағы жолдың сапасы жергілікті халықты толғандырып отырған негізгі мәселелердің қатарында. Өз кезегінде ИИДМ басшысы бұл бағытта Үкімет тарапынан барлық қажетті жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Тек бұл тұста жергілікті атқарушы органдар және қоғамдық ұйымдар бірлесіп, мердігерлердің жұмысын бақылауды күшейту керек.

«Былтыр Батыс Қазақстандағы жолдардың құрылысына 42 млрд теңге бөлінді. Мұндай сома ешқашан бөлінген жоқ. Биыл бұл қаражат 50%-ға ұлғайтылды. Яғни, Үкімет қажетті көлемдегі ақшаны бөліп отыр. Ал енді жергілікті атқарушы органдар біздің министрлікпен бірлесіп, оның орындалу барысын қадағалауға тиіс. Сондықтан автожол жобаларының тиімді және уақтылы іске асырылуын бірге бақылайық», деді М.Қарабаев. Сондай-ақ министр «Өнеге-Бейсен-Сайқын» учаскесі мен Жәнібек-Қазталов бағытындағы тас жолдың жөнделуіне қаражат бөлінгенін нақтылады.

 Сонымен қатар облыс азаматтары әуе қатынастарына байланысты ұшақ тапшылығы мәселесін шешіп беруді өтінді. «Оның үстіне өңіраралық әуе рейстерінің билеттері қымбат» деді тұрғындар.

«Баға саясатына тоқталсақ, әуе билеттерін нарық реттейтінін ескерген жөн. Бұл сала мемлекеттік реттеуге жатпайды. Баға бірнеше бөліктен қалыптасады. Оған әуе компания мен әуежайдың шығындары кіреді. Авиабилеттер рейстің санына байланысты реттеледі», деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек М.Қарабаев облыс тұрғындарын жеке мәселелеріне байланысты қабылдады. Ведомство басшысымен кездесуге 5 адам жазылып, азаматтар өңірдегі автожол құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды заңсыз тарту, жер қойнауын игеруге байланысты талаптарды сақтау, сол секілді Орал қаласындағы теміржол торабының жөндеу жұмыстарына қатысты мәселелерді көтерді. Өз кезегінде министр заң нормаларына сүйене отырып, қойылған барлық сұраққа тұшымды жауап қайтарды.

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында М.Қарабаев өңірдегі бірқатар өнеркәсіп орнына аялдап, Подстепное-Федоровка автожолы құрылыс барысын тексеріп, сондай-ақ көпірді жөндеу жұмыстарының жоспарын бағамдап шығады деп жоспарланған.