Ақтөбеде «URBATHON AKTOBE – ӘДІЛЕТТІ ҚАЛАЛАР» форумы өтті

Ақтөбеде «URBATHON AKTOBE – ӘДІЛЕТТІ ҚАЛАЛАР» форумы өтті

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов урбанистер форумына қатысты

Бұл жиын қалаларды дамыту бағытындағы инновациялық идеялармен алмасатын кәсіби диалог алаңы саналады. Форумда қала құрылысындағы тың көзқарас, оның құрылысын тиімді ұйымдастыру мен жаңа жұмыс орындарын құруға қауқарлы қалалық экономиканы дамыту, сондай-ақ заманауи урбанистиканың өзекті мәселелері талқыланды.

Аталған форумның жұмысына Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Q-88 Қазақстан урбанистер қауымдастығының төрағасы Ерлан Аукенов және басқа да спикерлер қатысты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі А.Ыдырысов «Аумақтарды дамытудағы жаңа тәсілдер» пленарлық отырысына қатысып, қала құрылысын жоспарлаудың деңгейін көтеру мақсатында ведомствоның тарапынан Қала құрылысы кодексі дайындалып жатқанын жеткізді. Министрдің орынбасары айтқандай, бұл реформа салалық мәселелерді шешіп, жаңа тетіктерді енгізуге, саланың ашықтығын қамтамасыз етіп, сондай-ақ халықтың қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға жол ашады.

Бұдан бөлек вице-министр Ақтөбедегі халықаралық әуежайды дамытудың мәселесіне тоқтап, оның еліміздің көлік-логистикалық кешенінің ажырамас бөлігі саналатынын және жолаушылар мен әуе жүк тасымалында өңірдің көліктік байланысын қамтамасыз етіп отырғанына баса назар аударды.

 «URBATHON AKTOBE – ӘДІЛЕТТІ ҚАЛАЛАР» Қазақстан урбанистерінің форумы Ақтөбе облысының әкімдігі мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен қолға алынғанын айта кету керек.