Қайырбек Өскенбаев көлік жөніндегі еурокомиссармен кездесті

Қайырбек Өскенбаев көлік жөніндегі еурокомиссармен кездесті

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жұмыс сапары аясында Еуропалық көлік комиссары Адина Валеанмен кездесіп, тараптар Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы көлік саласындағы тығыз байланысты дамытуды талқылады.

Өз кезегінде қазақстандық тарап дипломатиялық арналар арқылы еліміздің аумағында жүктерді қайта тіркеу (қайта тиеу) әдісімен тасымалдауды жүзеге асырудың тәртібін түсіндірді. Естеріңізге сала кетейік, халықаралық шарттардың нормаларын ескере отырып, Қазақстанда халықаралық автотасымалдау бағытында жүктер қайта тиелген (қайта тіркеу) жағдайда кейінгі тасымалдаушылардан екі рұқсат бланкісінің ұсынылуы талап етіледі.

Тұтастай алғанда, осы жылдың 10 айында Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік жүктердің жалпы көлемі 21,8 млн тоннаға артып, 2021 жылдағы ұқсас кезеңмен салыстырғанда өсу қарқыны - 12%.

Бұдан бөлек ҚР ИИДМ басшысы Еуропалық Парламенттің вице-президенті Робертс Зиллемен кездесті. Онда Орталық Азия – Еуропалық одақ арасындағы көлік қатынасын дамыту жөніндегі мәселелер пысықталды.

Осы арқылы еліміз ұшу географиясын кеңейтуге байланысты жұмысты жүргізіп, әлемнің ірі қалалары және халықаралық қаржы орталықтары арасындағы әуе қатынасты ашу бойынша жоспарды белсенді іске асырып келеді.

«Азаматтық авиация саласында Еуропалық одақ елдерімен құқықтық база қалыптасып, әуе қатынасы туралы 13 үкіметаралық келісімге қол қойылды», деді Қ.Өскенбаев.

Еуропалық одақтың ішкі заңнамалық талаптарына байланысты Қазақстанның авиациялық билігі «деңгейлес келісім» элементтеріне сәйкес ЕО елдерімен әуе қатынасы туралы екіжақты келісімдерге кезең-кезеңмен қол жеткізіп келеді.