«Қазаэронавигация» жанынан Іздестіру – құтқару жөніндегі үйлестіру орталығының жұмысы жолға қойылды

«Қазаэронавигация» жанынан Іздестіру – құтқару жөніндегі үйлестіру орталығының жұмысы жолға қойылды

Қазір түрлі авиациялық жағдайларға шұғыл әрекету ету үшін «Қазаэронавигация» кәсіпорнының қаражаты есебінен 27 аэродром мен әуе құралдарының қону алаңдарында тікұшақтардың кезекшілігі ұйымдастырылған.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов айтты. Отырыста депутаттардың назарына «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздеу және құтқару саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы ұсынылды.

«Бұл келісім Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) белгілеген стандарттар мен ұсынылған тәжірибеге сәйкес апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздеп, құтқару үшін мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа бағытталған», деді А.Ыдырысов.

Аталған заң жобасы бойынша тараптардың өзара ынтымақтастығын нығайту, іздестіру-құтқару жұмыстарына байланысты бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу, сондай-ақ ақпарат пен тәжірибе алмасу көзделіп отыр. Сонымен бірге бұл құжатта авиациялық жағдайға байланысты екіжақты хабарландыруды қамтамасыз етуді және екінші жақтан көмек сұрауды міндеттеу қарастырылған.

Осы ретте «Қазаэронавигация» РМК базасында халықаралық талаптарға сай білікті мамандардан жасақталған әрі байланыс құралдарымен жарақталған Іздестіру-құтқару жөніндегі үйлестіру орталығы тәулік бойы жұмыс істейтінін айта кету керек. Бұған қоса іздестіру-құтқару операцияларын ұйымдастыру жоспарына Қорғаныс министрлігінің арнайы парашюттік-десанттық топтары және Төтенше жағдайлар министрлігінің құрлықтағы іздестіру-құтқару топтары енгізіліп отыр.