ҚР ИИДМ Көлік комитеті ішкі су жолдарымен жүзу қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі туралы ескертеді

ҚР ИИДМ Көлік комитеті ішкі су жолдарымен жүзу қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі туралы ескертеді

 ҚР ИИДМ Көлік комитеті Шығыс Қазақстан облысында «Дозорный» теплоходын су басу фактісі бойынша ақпарат таратты

2022 жылғы 17 шілдеде сағат 19:00 шамасында Бұқтырма су қоймасында «Изумрудный Алтай» ЖШС тиесілі «Аюда» демалыс базасына адамдарды оң жақтан сол жағалауға тасымалдау кезінде «Дозорный» (меншік иесі «Изумрудный Алтай» ЖШС, тіркеу нөмірі ви-1-61) жолаушылар кемесі батып кетті.

Алдын ала ақпарат бойынша, су қоймасының ашық бөлігіне жағадан шамамен 3 шақырым жерде шыққан кезде кеме дауылға түсіп, борттық ауытқу орын алды. Нәтижесінде теплоход батты. Кеме бортында 18 жолаушы, оның ішінде 9 бала және 2 экипаж мүшесі болған. Жедел орналастырылған құтқару салының (плот) көмегімен адамдар эвакуацияланды. Құрбан болғандар жоқ.

Орын алған жағдайға байланысты ҚР ИИДМ Көлік комитеті барлық кеме иелері мен өзен және шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілеріне ішкі су жолдарымен жүзу қағидаларын және шағын көлемді кемелерді және олардың тұрақтарына арналған базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі туралы ескертеді.

Қазақстан Республикасының «Ішкі су көлігі туралы» Заңына сәйкес кеменің меншік иесі және (немесе) кеме иесі:

1) кемелердiң қауiпсiз пайдаланылуын қамтамасыз етуге;

2) кемелердi қауiпсiз пайдалануға жауапты адамды тағайындауға;

3) кеме қатынасы қауiпсiздiгi талаптарына сәйкес кеме экипажы мүшелерiнiң, басқа да қызметкерлердiң дағдыларын ұдайы жетiлдiрiп отыруға;

4) кеме экипажын жасақтауды қамтамасыз етуге және кеменi осы Заңда белгiленген кеме қатынасы қауiпсiздiгiнiң талаптарына сәйкес техникалық жарамды күйде ұстап тұруға мiндеттi.

Заңда уәкілетті орган кәсіпорындарының кемелерін қоспағанда, тиесілілігіне және қай ұлтқа жататындығына қарамастан, кемелердің навигациялық жағдай құралдарымен жабдықталмаған (навигация ашылғанға дейін және жабылғаннан кейін) кеме қатынасы су жолдарымен жүзуіне тыйым салынады.

Ішкі суда жүзетін кемелер кеме қатынасы тіркелімінде уақытылы техникалық куәландырудан өтуі қажет.

Кеме капитандары мен шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілері жүзуге шыққан кезде ауа райы болжамын, жол ақпаратын және кеме жүргізушілерге хабарлауды ескеруі қажет. 

Шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде шағын көлемді кемелердегі барлық адамдарға жеке құтқару құралдары (құтқару кеудешелері, белдіктері, кеудешелері) тағылуы тиіс. Кеме жүргізушілерде өздігінен жүретін шағын көлемді кемені басқару құқығына куәлігі болуы қажет. Палубалы шағын көлемді кемелер техникалық куәландырудан өтуі және техникалық жарамды күйде болуы тиіс.