Көлік саласында жаңа реттеушілік саясатын енгізуге байланысты жиын өтті

Көлік саласында жаңа реттеушілік саясатын енгізуге байланысты жиын өтті

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде вице-министр Алмаз Ыдырысовтың төрағалығымен көлік саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының қорытынды отырысы өтті.

«Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының, көлік саласындағы қауымдастықтар мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдерінің қатысуымен өткен алқалы жиында мемлекеттік реттеудің проблемалық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті реттеудің «таза парақтан» жаңа тәсілдеріне сәйкес нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жүйесі назарға алынды.

Жұмыс тобы жыл басынан бері азаматтық авиация, автомобиль, теміржол және су көлігі салаларын реттейтін 283 нормативтік құқықтық актіні қайта қараған. Нәтижесінде 4 615 талап түзетуді талап етпейтіндігі және азаматтық авиация саласындағы халықаралық практикаға (ICAO стандарттарына) және су көлігі саласындағы халықаралық шарттарға (БҰҰ, IMO, ХЕҰ) сәйкес келетіндігі анықталды. Осыған орай аталған құжаттарға түзетулер енгізілген жоқ.

Сонымен қатар 1 092 норматив базалық шарттарға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Оның 950-і өзгертуді (толықтыруды) талап етсе, жоюды талап ететін норматив саны 128-ді құрайды.

Отырыс қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын міндетті талаптардың алдын ала тізбесін қалыптастыру, сондай-ақ азаматтық авиация және су көлігі салаларындағы бөлек белгіленген бірқатар мәселелерді кіші топтардың отырыстарында биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін қайта қарау туралы шешім қабылданды.

Тізілімде Мемлекеттік орган талаптарының жаңа реттеуші саясатқа сәйкестігі тұрғысынан қайта қаралу мерзімде айқындалып, осы бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жалғасатын болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, тізілім 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілмек. Ол бизнес ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «Реттеуші гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік береді.