«Жолаушыларды темір жол және әуе көлігімен тасымалдау: кешігулер, бағалар және сервис сапасы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті

«Жолаушыларды темір жол және әуе көлігімен тасымалдау: кешігулер, бағалар және сервис сапасы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасына орай «Жолаушыларды темір жол және әуе көлігімен тасымалдау: кешігулер, бағалар және сервис сапасы» тақырыбында баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиын Facebook және YouTube желілері арқылы тікелей эфирде көрсетілді.

БАҚ өкілдерінің маңызды мәселелер турасындағы сауалдарына ҚР ИИДМ Көлік және Азаматтық авиация комитеттерінің өкілдері, «ҚТЖ» АҚ, отандық әуе және темір жол тасымалымен айналысатын компания өкілдері жан-жақты жауап берді.

Жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау бойынша ағымдағы жағдай туралы Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева баяндады. Оның айтуынша, биылғы жылы ішкі тұрақты әуе рейстерінде жолаушылар ағыны айтарлықтай артқан. Өз кезегінде бұл ұшулар кідірісінің көрсеткішіне айтарлықтай әсер етіп отыр. Осы тақілеттес жағдай қазіргі таңда Еуропалық Одақ елдері мен АҚШ-та да байқалуда. Салтанат Томпиева әуе тасымалы кезіндегі кідірістер жолаушылар тасымалы барысындағы қауіпсіздікке тікелей әсер етеді.

 «Еліміздегі әуе көлігі арқылы жолаушылардың құқықтары халықаралық талаптарға сәйкес қорғалған. Әуе компания тарапынан рейс кешіккен жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тасымалдаушы кідіріс ұзақтығына байланысты жолаушыларды тегін негізде екі рет қоңырау шалуға, салқын сусын, ыстық тамақпен қамтамасыз етуге, қонақ үйде тұруға, қонақ үйге дейін баруды және әуежайға кері қайтуды ұйымдастыруға міндетті. Сондай-ақ кешіккен әр сағат үшін тасымалдаушы тарап билет құнының 3 пайызы мөлшерінде айыппұл төлейді», – деді С. Томпиева.

Сонымен қатар ол жоғарыда көрсетілген талаптар мүлде немесе тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда авиакомпания 200-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын атап өтті.

Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары әуе билеттерінің бағасына қатысты да түсініктеме берді. Атап айтқанда, халықаралық тәжірибеге сәйкес елімізде баға белгілеуді реттеудің күші 2016 жылы жойылған. Осыған сәйкес әуе компаниялары билет бағасын дербес белгілейді.

Темір жол арқылы жолаушылар тасымалы саласындағы ахуал туралы Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қасым Тлепов баяндады.

Оның ақпаратына сүйенсек, бүгінде Қазақстан аумағында 130-дан астам жолаушылар пойызы қызмет көрсетеді. Жылжымалы құрам паркінде 2 мың 600 дана жолаушы вагоны бар. Вагондардың орташа тозу деңгейі 46 пайызды құрайды. 900-ден астам вагонның пайдалану мерзімі 30 жылдан асып кеткен. Тозығы жеткен вагондар сұраныстың өсуі кезінде пойыздарға қосылады.

Соңғы 10 жылда 1 мың 100 дана жаңа вагон, оның ішінде 600-ге жуық «Тұлпар-Тальго» вагоны сатып алынды. Биылғы жылы тағы 73 вагон сатып алынбақ.

Салада қалыптасқан ахуалды жақсарту мақсатында бірқатар кешенді шаралар қабылдануда. Мәселен, швейцариялық Штадлер компаниясымен бірлесіп 537 жаңа вагон шығару көзделіп отыр. Вагондарды сатып алуға несие беру кезінде сыйақы мөлшерлерлемерін субсидиялау тетігі де қарастырылған.

Сонымен қатар жолаушылар вагондарының жай-күйіне және сервис сапасына қойылатын талаптар да күшейтілуде.

Баспасөз конференциясы барысында Қасым Тлепов жолаушылар пойыздарына бақылаудың күшейтілгенін айтты. Атап айтқанда, 2022 жылдың алғашқы бес айында 200 жолаушылар пойызына тексеріс жүргізілген. Тексеріс қорытындысы бойынша 431 жолаушыларды тасымалдау қағидаларының талаптары бұзылғандығы анықталған. Бүгінгі күнге дейін 31,2 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді.

Отандық темір жол және әуе тасымалдаушы компания өкілдері баспасөз конференциясы барысында жол жүру билеттерінің өсуі мен сервис сапасы жайында, сондай-ақ рейстердің келу және жөнелтілу барысында туындаған мәселелер төңірегінде де түсініктеме берді.