Нұр-Сұлтан қаласында энергия үнемдеу күніне арналған конференция өтті

Нұр-Сұлтан қаласында энергия үнемдеу күніне арналған конференция өтті

Қазақстанда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бүгін энергия үнемдеу күніне арналған конференция аясында талқыланды. Іс-шараны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен "Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты" АҚ мен Қазақстанның энергия аудиторлары қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саясатын іске асыру болып табылады. Бұл сала әлемдік энергия тұтынудың өсуі және "жасыл экономикаға" көшу қажеттілігі жағдайында басым бағыттардың бірі болып қала береді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев өзінің сөзінде, халықаралық ұйымдардың дерегі бойынша 2040 жылға қарай әлемдік энергия тұтыну көрсеткіші 30%-ға ұлғаяды, бұл ретте, тұрақты инновациялар процесінің салдарынан экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде энергетикалық сұраныстың шамамен 5%-ға төмендеуі күтіледігін атап өтті.

"2010 жылдан бастап Қазақстанда түпкілікті тұтыну қала халқының өсуі және көлік секторы үлесінің ұлғаюы есебінен 7% - ға артты. Бұл көрсеткіш әрі қарай артады деп күтілуде. Мысалы, 2025 жылға қарай жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындарға 6300 МВт қуат тиесілі болады,-деді вице-министр.

Өз кезегінде, коронавирус пандемиясы экономиканың өсу қарқынына кері әсерін тигізді, осылайша ЖІӨ энергия сыйымдылығының төмендеуіне әкеп соқтырды. 

Марат Қарабаевтың айтуынша, қойылған мақсаттар мен міндеттемелерге қол жеткізу үшін жаңа тәсілдер мен тетіктерді қолдану қажет. Осыған байланысты, Министрлік энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында жаңа тәсілдер мен құралдарды көздейтін заң жобасын әзірледі.

Бұдан бөлек, конференция аясында сала өкілдері "Энергия үнемдеу саласына қосқан үлесі үшін" төсбелгілерімен және алғыс грамоталарымен марапатталды.