ҚР Парламенті Мәжілісінде көлік мәселелері бойынша жаңа заң жобасы таныстырылды

ҚР Парламенті Мәжілісінде көлік мәселелері бойынша жаңа заң жобасы таныстырылды

2021 жылғы 21 қыркүйекте ҚР Парламенті Мәжілісінде мемлекеттік органдар, ҮЕҰ және қауымдастықтар, «Атамекен» ҰКП өкілдерінің қатысуымен бейнеконференция форматында көлік мәселелері жөніндегі заң жобасының тұсаукесері өтті.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму Вице-министрі Берік Камалиев депутаттарға көлік мәселелері бойынша жаңа заңнамалық түзетулер жобасын таныстырды.

Заң жобасында адамның қатысуынсыз «Сергек» қағидаты бойынша жұмыс істейтін көлік құралдарының салмақтық және көлемдік параметрлерін өлшейтін автоматтандырылған станцияларды орнату және олардың жұмыс істеу тәртібін айқындайтын нормалар көзделген. Ұсынылған шараларды іске асыру автожолдардың сақталуын қамтамасыз етуге, ауыр салмақты АТС жол жүргені үшін бюджетке түсетін алымдардың түсімін жыл сайын 1,5 млрд.теңгеге арттыруға және автожолдарда көліктік бақылау жүргізу кезінде адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, бірқатар түзетулер теміржол және су көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Заң жобасында уәкілетті органның құзыретіне жолаушылар поездарының жылжымалы құрамының түсуіне немесе соқтығысуына әкеп соққан оқиғаларды тексеруді, сондай-ақ Каспий теңізінің аумақтық суларында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеріп жүзетін кемелермен болған авариялық жағдайларды тексеруді беру ұсынылады.

Бұдан басқа, Қазақстан 2021 жылғы 31 наурызда 2007 жылы суға батқан кемелерді жою туралы Найроби халықаралық конвенциясын ратификациялады. Осыған орай, заң жобасында кеме иесінің суға батқан кемелерді көтеру жөніндегі өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру міндетін белгілейтін Конвенция талаптарын имплементациялау жөніндегі нормалар көзделген. Ұсынылып отырған нормалар Қазақстанмен тікелей сақтандыру компаниясына суға батқан кемені көтеру бойынша шығындарды өтеу туралы талап қоюға мүмкіндік береді.