Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін жетілдіру

Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін жетілдіру

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Учет кз» бухгалтерлердің кәсіби ұйымында дөңгелек үстел өткізді.

ҚР ИИДМ Көлік комитетінің төрағасы Самат Гилимов қысқаша баяндама жасап, ілеспе құжаттарды ресімдеуге қатысты жаңа ұғымдар мен заңнамалық өзгерістер туралы түсіндірді.

Бағдарламаны әзірлеуші "ArtaSoftware" ЖШС компаниясы көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінде жұмыс істеуді және тіркеу алгоритмін көрсетті.

Институционалдық өзгерістер экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша заңды іске асыруға бағытталған.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ЕШЕБЖ одан әрі жетілдіру бойынша пікірлерін айтып, ұсыныстарын берді. Ол ұлттық зияткерлік көлік жүйесін дамытуға іргелі негіз болады. Ақпараттық жүйе тасымалдарды ресімдеуді жеңілдетуге, көлік қызметтерінің сапасын арттыруға, сондай-ақ тасымалдау бизнесін ашық жүргізуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

2021 жылғы 1 шілдеден бастап жұмыс істеуіндегі кемшіліктерді анықтау және жою мақсатында жүйе тәжірибелік пайдалану режимінде жұмыс істей бастады.

Барлық  пайдаланушылар esutd.gov.kz мекенжайы бойынша жүйеге кіріп, сұрақтары мен ұсыныстарын қалдыра алады.

Қабылданатын шаралардың нәтижесінде:

- жүргізушілерге көліктік бақылау кезінде қағаз құжаттарды өзімен бірге алып жүру қажет болмайды;

- әкімшілік кедергілерді азайтып, лауазымды тұлғаның тасымалдаушымен арадағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды;

- қашықтықтан бақылауға ауысып, жүргізушілердің рейс алдындағы медициналық тексеруден (техникалық байқаудан) өтуі және рұқсат беру құжаттары онлайн режимінде тексеріледі;

- он мыңдаған заңсыз тасымалдаушылар көлеңкеден шығарылады.

Көлік құжаттарын басқару жүйесі көрсетілетін цифрлық қызметтер сапасы проблемаларын шешу жөніндегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2019 жылғы 20 желтоқсандағы отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындау шеңберінде әзірленді.

Дөңгелек үстелге 3 мыңнан астам адам қатысып, жүйедегі жаңалықтарды қолдап, көліктік ілеспе құжаттарды цифрландырудың оң жақтарын атап өтті.